Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында жуық арада латын әліпбиіне жүйелі көшу міндетін жүктеді. Бүгінгі таңда ең маңызды мәселелердің бірі – латын қарпіне көшу.
Астары терең, мән-маңызы зор мәселе қоғамда, ел азаматтары арасында түрлі пікір тудырып, ой таласын туғызды. Қазіргі кезде өз ұлтының тағдырына жаны ашитын, елім дейтін, әсіресе ұлтының ана тіліне, мемлекеттік тілге, осы тіл арқылы ертеңге ұмтылып отырған қазақ халқының тағдырына алаңдайтын ел азаматтары өз ойларын ортаға салып, пікір - ұсыныстарын білдіріп жатыр.
Бірі латын әліпбине көшу ұлттық мүддені көздейтін ауқымды бағдарлама деп бағаласа, өзгелері латын қарпіне көшу үдерісінде туындайтын кедергілер өте көп екендігін айтты. Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу – Қазақстан үшін өте қажетті өзгеріс. Келер ұрпақ үшін аса маңызды игі бастама. Бұл бастама, ең алдымен, қазақстандықтарға түркі тілдес елдермен мәдени байланысын жаңғыртуға мүмкіндік туғызады. Елімізді нығайтып, халықаралық дәрежеде орнымызды нық белгілеуге ықпалы зор болмақ. Өркениеті өрге озған отыз озық елмен тереземізді теңестіру, әлем көшінен қалмай ілгерілей түсудің басты алғышартына айналмақ. Қазақ тіліне икемделген латын әліпбиін игеру ешқандай қиындық тудырмайды деген ойдамын. Себебі қазір балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әліпбиін үйреніп жатыр. Еліміздің әліпби ауыстыруға жағдайы жетеді. Алысқа бармай-ақ, көрші мемлекеттердің латын әліпбиіне өту тәжірибесін зерттеу керек. Олардың кемшіліктерін де, оң тұстарын ескеріп, біртіндеп өтуіміз керек.
Мереке ДҮЙСЕНБАЕВ,
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты,
«Мерос» ЖШС директоры