ХХІ ғасырдың басында еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсара бастады, әртүрлі қорапшаға салынған азық-түлік түрлері көбейді, дастарқан молайды. Қисапсыз молшылық барды бағаламау, обал-сауапты ұмыттыра бастады.
Бала кезімізде дастархан басында шүпірлеп отырып, алдымызға келген тамақты тауысып жейтінбіз. Дастарханға түскен нан қиқымын шешем марқұм «обалы бар, теріп жеп қойыңдар, бай боласыңдар» дейтін күлімсіреп. Пенде шіркін бар болғанды, бай болғанды қашан жек көріп еді... Таласа-тармаса дастархан үстіндегі нан қиқымын әп-сәтте жеп қоятынбыз. Балалық шығар... Сондағы ойымыз - өскенде байлыққа белшемізден батып, төбеге түкіріп жату! Бұндайда қазақ «шойын қараның ойын қара» демеуші ме еді...
Ысырапшылдық дәстүрлі қазақ ұғымына жат. Тамақтың жуындысы екеш жуынды да далаға төгілмейді. Лайка деген итіміздің итаяғына құйылады. Сол кездегі аналар біздерді үнемшілдікке, жанашырлыққа тәрбиеледі. Ендеше, неге сіз бен біз айдың күннің аманында аналар тәрбиесінен адасып қалып отырмыз?!
Ысырап - артық дүние-мүлікті, ақшаны игілікті іске жұмсаудың орнына, қалай болса солай шашып-төгуді білдіреді. Қазақ қонақсыз отыра алмайды. Қонақ шақырғанда «сараң екен» деп айтпасын деп, тым артық тағам дайындап дастарханды толтырып қоятынымыз рас. Қонаққа жайылған ас та төк дастарханнан артылып, қоқысқа тасталған астың обалы кімге?
Дәрігер мамандар көптеген аурулар ысыраптан, шамадан тыс ішіп-жеуден, өмірлік қателіктерден, орынсыз ойын сауықтан т.б. пайда болатынын айтады. Мақсатсыз өмір, арзан күлкі, түрлі құмарлық иманның әсерін әлсіретіп, тіпті жойып та жібереді. Қарап отырсаңыз, бүгінде ысыраптың түрі көп. Суды, электр энергиясын шектен тыс пайдалану заттай ысырапқа жатады. Киімге, мүлікке күтімсіз қарап, тез тоздыру да ысырап. Уақытты бос өткізу - рухани ысырапқа жатады. Компьютерлік ойындар, мән-мағынасы жоқ фильмдер, бітпейтін сериалдар, қанбайтын ұйқы, ешкімге пайдасы жоқ бос әңгіме айту, әлеуметтік желілерде сағаттап отыру, мақсатсыз телефонмен сөйлесу, өлшеп берілген өмірді баянсыз нәрселерге жұмсап, уақытты ысырап ету болып табылады.
Ислам діні әуел бастан ысырапшылдыққа қарсы. Ысырап - мұсылман үшін күнә. «Өзімнен ештеңе аямаймын» -деп, нәпсінің қалағанының бәрін орындау да ысырапқа жатады. «Мода» деген қысқа күнде қырық құбылатын дүрмекке ілесем деп, жаңа атаулыға ие болу үшін жанталасу - қазіргі заманның бір сипатына айналды. Нәпсінің ешқашан тоймайтынын ұмытып кеттік. Көбіміз соның қалауымен жүреміз деп, кісілігіміз бен өміріміздің мәнін де жоғалтып алдық. Күні-түні үйімізді затқа толтыру үшін жұмыс жасау - бүкіл қоғамның проблемасына айналды. Ол зат қажет болмаса да, мақсатсыз сатып алуға көштік. Ақшамыз жетпей жатса, банктен несие ала саламыз. Бір мұнайшының басында бірнеше несие бар. Қарызға белшесінен батып отырған жұмыскердің көңілінің қошы бола ма? Қарызданып-қауғаланып алған зат сізге қуаныш сыйлай ала ма?! Бұрындары тек қана ауқаттылар ие болатын қымбат мүліктерге ие боламын деп тыраштану жаяудың аттыға еремін деп шатын айырып алғаны іспетті сөлекет көрінеді.
Тағы оқыңыздар: Қызылтөбеде күйшілер мен жыршылар байқауы өтті Бұқараның жыл өткен сайын тұтынушылық тәбеті артқан үстіне артып барады. Адамның көзі бұл пәниде тоймақ емес. Киім-кешек, тағам арқылы елден ерекшеленіп, айналасына қыр көрсеткісі келетін адамдар пайда болды. Қыз-келіншектер «сәннен қалмау» үшін сұлулық салонының табалдырығын тоздыра бастады. Бұл процестің қызу жүруіне күні-түні теледидардан көрсетілетін жарнамалардың өзіндік үлесі зор. Бүгінде жарнама LED экран арқылы көшеге де шығып кетті. Біздің затқа тәуелділігімізге психологтар «шопоголизм» деген диагноз қойып, кейбір елдерде осы ауруды емдеуге де кірісіп кетті. Біз бала-шағаның аузынан жырып, үнемдеуді насихаттаудан аулақпыз. Адал жолмен табылған ақшаға жақсы киім киіп, әдемі де жайлы өмір сүргенге не жетсін! Біз ысырапшылдыққа қарсымыз. Біздікі, ысырапшылдық - ұлттық мінезге айналып кетпесін деген жанашырлық қана. Өмірдің мәнін мәңгілік құндылықтардан іздеген көшпелі елдің ұрпағы екенімізді еске бір салып қою.Сарша СҮГІРӘЛІ,
«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері