Әліпби өзгерту - кирилл әріптерін латынмен алмастыру емес
[ 2017 ] 10 қазан, 07:06 | Рухани жаңғыру
Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп келеді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген еді. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда сөйлеген сөзінде: «…ең бастысы — қазақ тіліне жаңғыртуға жағдай туғызады», — деген болатын. Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты. Демек, әліпби өзгерту тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да реформа (қайта қарау) жасау қажеттігін талап етеді. Мен, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік беретін латын әрпіне көшуін қолдаймын және барша Қазақстандықтарды қолдауға шақырамын!
«Түпқараған жастары»
жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Наурызбек Мағдатов
1074
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.