Бүгін, 5 қараша күні дзюдодан КСРО спорт шебері Баламұрат Сұлтанұлыны еске алуға арналған Х халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Жарысқа елдің әр аймағынан және Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетінен келген 600-ге жуық спортшы қатысады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Дүбірлі дода 2003-2005 және 2006-2008 жылы туған жасөспірім ұлдар және қыздар арасында өтуде. Алғашқы күні 2003-2005 жылы туған ұлдар 50 келіден 90 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ал қыздар 40 келі салмақтан 57 келіге дейін татамиде бақ сынады. Турнир Маңғыстау облысы әкімдігі, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, сондай-ақ Маңғыстау облысының дзюдо Федерациясы, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, ҚР-ның дзюдо күресінің мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Абумуталифұлы, Маңғыстау облысы дзюдо Федерациясының президенті Асылбек Тұрарұлы, Баламұрат Ақшабаевтың жұбайы Айман Үсенбаева мен баласы Әбдісалин Сұлтанбаев және Қазақстан Республикасы мәслихатының Құрметті депутаты, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, Құрмет орденінің иегері Оразғали Өтеуліұлы қатысты. Сонымен қатар Грузия, Әзірбайжан мемлекеттерінен дзюдодан жасөспірімдер арасында аға бапкерлер Георгий Куташвили және Заур Бабаев келді. «Құрметті, спортсүйер қауым, бүгін дзюдодан халықаралық деңгейде турнир өтуде. Баламұрат Ақшабаевты еске алуға арналған додаға алыс-жақын шет елдерден спортшылар келіп, жарысты бастап кетті. Осы ретте қаншама шәкірт тәрбиелеп, аймақта спорт саласының дамуына үлес қосқан, дзюдодан КСРО спорт шебері атанған Баламұрат Сұлтанұлының огтбсына, туған-туыстарына алғысымды білдіремін. Сонымен қатар республикалық, облыстық дзюдо Федерациясы мен «Жас батыр» спорт мектебінің ұжымына алғысым шексіз. Облысымызда бокс, дзюдо, самбо, джиу-джитсудан әлем чемпиондары бар. Бұл – өңірдегі спорт жетістіктерінің айқын дәлелі. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, жеңіс тілеймін!» - деді Маңғыстау облысы әкімі Қ.Жұмашев. Жарыс үш күнге созылады. Екінші күні 2006-2008 жылы туған спортшылар татамиге шықса, ал үшінші күні командалық бетпе-бет жарысы ұлдар арасында өтпек. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="87027,87028,87026,87024,87023,87033,87032,87031,87030"]