Маңғыстаулық дзюдошы Марлен Әділ әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ол Алматы қаласында өтіп жатқан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 60 келі салмақпен сынға түсті. Ақтық сында жас палуан оралдық Нұрсұлтан Зайзағалиевті «иппон» ұпайымен жеңіп, қола медаль иеленді. Жартылай финалда әзірбайжандық Камран Сүлейменовке «вазари» ұпайымен есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде Грузиядан келген спортшыны жарыстан ығыстырды. "Дзюдомен айналысқаныма 7 жылдай уақыт болды. Осы уақытқа дейін дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Азия кубогынан алтын, Азия чемпионатынан қола жүлдеге ие болғанмын. Ал биыл бірінші рет әлем чемпионатында бақ сынап, қола медальді иелендім. Осы ретте жаттықтырушыларыма, маған қолдау көрсеткен жандарға алғысымды айтамын. Ендігі мақсатым - жастарға ауысып ел біріншілігінде чемпион болу. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар жеңіс үшін барын салып, өз мүмкіндігін көрсетуде", - дейді Марлен Әділ. Айта кетейік, Алматы қаласында 25 қыркүйек күні басталған дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі жексенбіге дейін жалғаспақ. Байрақты бәсекеге 18 жасқа дейінгі 64 елден келген 500-ге тарта балғын бақ сынауда. Қазақ елінің намысын 32 спортшы қорғап жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясы ұсынды