Ақтауда жауынгерлік самбо күресінен 23 жасқа дейінгі ерлер арасында ҚР чемпионаты өз мәресіне жетті. Командалық есепте маңғыстаулық самбошылар 3 алтын, 4 күміс және 9 қола жүлдемін екінші орынды иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Чемпионатқа 11 облыстан 120-ға жуық спортшы келді. Байрақты бәсеке 2 күнге жалғасты. Жарыстың бірінші күнінде спортшылар бейресми таразыға түсу және ресми таразыға түсу шараларын өткізді. Сонымен қатар төрешілер алқасының отырысы өтті және мандаттық комиссияның жұмысымен танысты. Ел чемпионатының екінші күнінде самбошылар -52, -57, -62, -68, -74, -82, -90, -100, +100 келі салмақта бақ сынады. Дүбірлі додада Атырау облысы 1-орынды қанжығасына байлады. Олар 4 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен алға озды. Ал Маңғыстау облысы атынан қатысқан палуандар жүлделі екінші орынға жайғасты. 3 алтын, 4 күміс, 9 қола медальді иеленді. Жарыста 3-орын алған қарағандылықтардың қоржыны 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен толықты. «Жарысқа қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Спорт саңлақтарының жеңіс үшін күресуі, өз мүмкіндіктерін көрсетіп, өзіне тән тактикамен өнер көрсетуі бізді қуантты. Осы доданы ұйымдастырушыларға, спорт саласының майталмандары мен қатысушыларға алғысымды айтамын», - дейді облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов. Сонымен қатар шара аясында Маңғыстау облысының жауынгерлік самбо Федерациясының президенті Нұрпейіс Мизамбайұлы сөз сөйлеп, чемпионатты өткізуге атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттады. Ал самбодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Қаймен Есенаманұлы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын Нұрбек Қуанышұлы мен Дәурен Қайратұлына табыстады. Сондай-ақ Жанғали Нұрболатұлына самбодан «Қазақстан Республикасының ұлттық спорт төрешісі» атағы берілді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА Суреттерді түсірген Ақерке Гагаринқызы
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83662,83663,83661,83667,83685,83686,83687,83688,83689,83690,83691,83692,83693,83694,83695,83696,83697,83698"]