15-18 мамыр күндері Англияның Манчестер қаласында өткен таеквондодан әлем чемпионатында маңғыстаулық Қайрат Сарымсақов қола жүлдегер атанды. Кеше әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегерін Ақтау қаласының әуежайында жанкүйерлері мен Маңғыстау облысы Ш.Бөлтекұлы атындағы ЖСШМ-нің ұжымы күтіп алып, жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "Әлемдік сында бақ сынасқан Қайрат Сарымсақов 74 келі салмақта жартылай финалға жетіп, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионына есе жіберді. Ал финалда иорданиялық таеквондошыға қарсы шығып, үздік үштік қатарына кірді", - дейді Маңғыстау облысы Ш.Бөлтекұлы атындағы ЖСШМ-нің басшысы Мұрат Бейсенбаев. Айта кетейік, бұл Қайраттың әлем біріншілігінде жеткен екінші жетістігі екен. Оған дейін 2017 жылы Оңтүстік Кореяда өткен таеквондодан әлем біріншілігінде қола жүлдені алған болатын. Қазақстан құрамасында 15 спортшы болған, алайда ел қоржынына жалғыз қола жүлдені маңғыстаулық Қайрат Сарымсақов салған. Ол қазіргі таңда Маңғыстау облысы Ш.Бөлтекұлы атындағы ЖСШМ-де жоғары бірінші санатты жаттықтырушысы болып қызмет етеді. Қазақстан Республикасының 16 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері жетістікке жету жолында еңбек еткен бапкерлеріне алғысын айтты. Маңғыстаулық жастың бұл жеңісі аймақ спортшыларына серпін бергені анық. Ал келесі таеквондодан әлем чемпионаты 2020 жылы Жапонияның Токио қаласында өтеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="79751,79750,79748,79747,79746,79745"]