10-11 мамыр күндері «Жас батыр» спорт мектебінде Самбо күресінен 2003-2004 жылғы кіші жасөспірім ұл, қыздар арасында Маңғыстау облысының чемпионаты өтті. Жарысқа Ақтау қаласы, Қарақия ауданы, Маңғыстау ауданы және Жыңғылды ауылынан келген 100-ге жуық самбошы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Маңғыстау облысы Самбо федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарыста халықаралық дәрежедегі төреші Берік Жұмағалиев бас төреші, ал Ұлттық дәрежедегі төреші Асхат Хапанов бас хатшы болды. Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат жоғары деңгейде өтті, қатысушылар арасында жарақат алғандар жоқ. Нәтижесінде командалық есеп бойынша Ақтау қаласындағы «Жас батыр» спорт мектебінің самбошылары 4 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлдеге қол жеткізіп, жүлделі 1-орынды иеленді. Ал 2-орын Маңғыстау ауданына бұйырды. Олар 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға ие болды. Жыңғылды ауылының жас спортшылары жүлделі 3-орынды қанжығасына байлады. Олардың қоржынында 3 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлде бар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының медаль, дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, жарыстың 1, 2-орын иегерлері Маңғыстау облысының құрама командасына еніп, Самбо күресінен жаз мезгілінде өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА Суреттерді ұсынған «Жас батыр» спорт мектебі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="79301,79303,79304"]