Жаңаөзен қаласының жас спортшылары ауыр атлетикадан өткен турнирден жүлдемен оралды. Турнир Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Хромтау қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Турнирге Қызылорда, Орал, Атырау, Ақтөбе және Хромтау қаласынан келген командалар қатысты. Ал Маңғыстау облысынан 6 ауыр атлет додаға барып, бақ сынады. Нәтижесінде Жаңаөзен қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары жеңіспен оралды. «49 келі салмақпен барған Аймұрат Чакибаев 50 келіні жұлқа және 60 келіні серпе көтерді. Қос сайыс көрсеткіші бойынша 110 келі салмақты көтерген ол 3-орынға ие болды. Ал 55 келі салмақтағы Рахат Наренбаев 55 келіні жұлқа көтерсе, серпе көтеруде 65 келімен 3-орынға жайғасты. Сондай-ақ 66 келіні серпе және 57 келіні жұлқа көтеруде көзге түскен 61 келі салмақтағы Бекарыс Примбаев 3-орынды қанжығасына байлады», – дейді №2 БЖСМ ауыр атлетика жаттықтырушысы Тимур Джамбиров. Сонымен қатар салмағы 67 келі Нұрбол Аманорақов 3-орынға ие болды. Ол 45 келіні жұлқа, 60 келіні серпе көтерген. Ал 73 келі салмақпен сынға түскен Еркебұлан Абдилуактқа да жүлделі 3-орын берілді. Оның қос сайыс бойынша көрсеткіші 100 келі болғандығын айтады Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Әділмағамбет Джамбиров. Олардың ауыр атлетика секциясы бойынша №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне қатысқандарына бір жыл болған. Десе де оқушылар үздіксіз жаттығудың, күш-қайратының нәтижесінде және жаттықтырушылары Адылмағамбет Джамбиров және Тимур Джамбировтың қолдауымен сыннан сүрінбей жеңіске жетіп отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА