©
Жалпы бокстан Азия чемпионаты 29 рет өтіпті. Командалар бойынша көш басында 12 рет үздік атанған Корея тұр. Ал одан кейін Қазақстан боксшылары 5 рет, өзбектер 4 рет командалық есепте топ жарды. Қазақ боксшылар командасының топ жарған жұлдызды жылдары: 1994 жылы ХVII Иранда өткен Азия чемпионатында 5 алтынмен І орынға ие болды. 1995 жылы ХVIII Өзбекстанда өткен Азия чемпионатында 6 алтын медальға ие болды. 2004 жылы ХХII Филиппиннің Пуэрта Принсеса қаласында 3 алтын алды. 2013 жылы ХХVII Иордания елінің Амман қаласында 7 алтын медальға ие болды. 2015 жылы ХХVIII Тайланд елінің Банкгог қаласында 5 алтынға ие болды. Биылғы сәуір айының 18-і мен 26-сы аралығында Таиланд елінің Банкгог қаласында ХХХ Азия чемпионаты өтеді. Оған ұлттық құрамамыздың ең үздік боксшылары қатысады. Таиландқа аттанғалы жүрген Қазақстан ұлттық құрамасының 10 боксшысы мыналар: Теміртас Жүсіпов (49 кг), Анвар Мұзаппаров (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Закир Сафиуллин (60 кг), Санатәлі Төлтаев (64 кг), Асланбек Шынбергенов (69 кг), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг), Бек Нұрмағанбет (81 кг), Василий Левит (91 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг). Чемпиондық атақтан үміткер негізгі боксшыларға тоқталайық: Теміртас Жүсіпов (31 жаста) – Қазақстанның 5 дүркін чемпионы. 2013 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында топ жарды. Теміртас алты жыл бұрынғы жетістігін қайталай алар ма екен? Қайрат Ералиев – екі дүркін Азия чемпионатының қола жүлдегері (2015, 2017ж.ж). Ол – Мырзағали Айтжановтың шәкірті. Биыл алтын алады деген үмітіміз зор. Жақында ғана Америкада кәсіпқой боксшылармен дайындалып келген Санатәлі Төлтаев – Марат Жақиевтің шәкірті. Азия чемпиона ты – 19 жасар Санатәлінің алғашқы ең ірі жарысы. «Қазақтың салмағы» атанған 69 келіде Данияр Елеусінов екі рет Азия чемпионы атанды. Данияр кәсіпқой боксқа кеткеннен бері бұл салмаққа Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шынбергенов ие болып жүр. Екі боксшы да бұрын бір-бірімен кездеспей келсе, былтыр Ақтауда өткен ел біріншілігінде қос мықты финалда жолығып, Абылайхан Қазақстан чемпионы атанды. Азия чемпионатына жарақатына байланысты Абылайханның орнына Асланбек Шынбергенов барады. 75 кг-да құраманың нөмірі бірінші боксшысы Әбілхан Аманқұл да бұл чемпионатқа қатыспайды. Оның орнына 25 жастағы Тұрсынбай Құлахмет барады. 21 жасар Бек Нұрмағанбет (81 кг) Азия чемпионатына бірінші рет қатысып отыр. 91 кг-да 31 жастағы Василий Левит те – 3 дүркін Азия чемпионы. Васяға 4 дүркін Азия чемпионы деген атақ артық етпейді. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев – 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қамшыбектің де күмісін алтынға айырбастайтын кез келді.Айбек МҰХАНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі