Бейнеу аудандық "Жастар ресурстық орталығы" жəне "Харекет" қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Бейнеу лицейінің спорт залында ерлер және әйелдер арасында үстел теннисінен қайырымдылық турнирі өтті. Турнирге аудан әкімі Б.Әбілов, мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары және жастар қатысты. Жарыстың ашылуында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ы.Божанов және аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Досов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудандағы жасөспірімдер мен ересектер арасында теннис спорт түрін дамыту мен салауатты өмір салтын ұстануға, қайырымдылықты дәріптеу мақсатында өткізілген жарыста үш деңгей бойынша отызға жуық спортшы бақ сынады. Жарыс нәтижесі бойынша 16-40 жас аралығындағы ерлер арасынан І орынды Сәнібек Жаманбаев, ІІ орынды Әділ Мұратов, ІІІ орынды Жамбыл Мәдуов иеленсе, 40 жастан жоғары ерлер арасында І орын Бақытбек Божанов, ІІ орын Дәрібек Сүлейменов, ІІІ орын Мұхаммеджан Көбегенге бұйырды. Ал, қыздар арасында І орынды Ләззат Аймолдаева, ІІ орынды Мөлдір Мұхаммединова, ІІІ орынды Айнұр Мұғзи иеленіп, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табысталды. Жарыс барысында қайырымдылықтан түскен қаржы «Харекет» қайырымдылық қорына аударылды.
Үміт ҚАЗДАЕВА