Миллиондардың ойынына айналған аяқдоп додасын әлемде көрмейтіндер бүгінде кем де кем. Аудандағы Бейнеу әуесқой футбол лигасы (БӘФЛ) деп аталатын футзал чемпионатының құрылғанына да, міне, 5 жыл толыпты. Аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен осы атаулы футбол мерекесі кең көлемде тойланып өтті. Алдымен 22-24 наурыз күндері аудандағы премьер лига және 1 лига командалары мен Жаңаөзен қаласымен Маңғыстау ауданынан келген командалардың қатысуымен ашық чемпионат өткізілді. 3 күнде 800-ге тарта көрермен тамашалап, тікелей эфирде 4000-ға жуық көрермен тартысты ойындардың куәсі болды. Жарыс қорытындысында Шетпе ауылының командасы жеңімпаз атанып, Бейнеудің «Ақсалим» командасы күміс жүлдені қанағат тұтты. Үздік үштікті бейнеулік «Ақмадинадан» пенальти сериясында басым түскен жаңаөзендік «Олимпик» түйіндеді. Жексенбі, 24 наурыз күні кешке Абыл мәдениет үйінде «Үздік футболшы» мәдени-спорттық шарасы өтті. Аталған шарада соңғы 5 жылда аудан футболына еңбегі сіңген азаматтар аудан әкімінің және аудандық мәдениет және спорт бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Кештің негізгі номинациялары төмендегі ойыншыларға бұйырды. Жыл жаңалығы: Мерей Сатқанұлы (Архимед фк); Үздік легионер: Нұрлан Ақмалаев (Ақсалим); Үздік қақпашы: Бауыржан Ерубаев (Архимед фк); Үздік қорғаушы: Саламат Боранбаев (Бейнеу футзал); Үздік шабуылшы: Аслан Амандықов (Ақмадина); Үздік ойыншы: Жандос Салиев (Ақмадина). «Атамекен» ҰКП Бейнеу аудандық филиалының директоры, Бейнеу әуесқой футбол лигасының жетекшісі Роллан Ғизатуллаұлы Ережепов «5 жыл бұрын ауыл азаматтарының қолдауымен осы істі қолға алған болатынмын. Мақсатым - әуесқойлар арасындағы осы спорт түрін бір жүйеге түсіру, таланттардың көзін ашу, ауыл спортшыларын республикалық, әлемдік ареналарға шығару, футбол арқылы бір емес бірнеше адамды спортқа тартуға болатынын көрсеткім келді. Аталған бес жыл ішінде еске алу турнирлерін қоспағанда футзалдан 6 чемпионат өткізілсе, жаз айында жасанды шөп алаңыңда ойналатын шағын футболдан өткен 4 чемпионаттың үшеуінде бейнеулік өрендер республикалық додаға қатысып қайтты. 2018 жылы Бейнеу құрамасының ойыншысы Жандос Салиев Португалияда өткен әлемдік додада Қазақстан құрамасы сапында еліміздің намысын қорғады. Лигада өнер көрсетіп, аудан құрамасына іліккен жас футболшылар облыс деңгейінде көзге түсіп, қазір Каспий футбол клубында тәлім алуда. Үздік футболшы шарасына келер болсақ, әрбір команда ережеге сай өз ойыншыларын ұсынды. Дауыс беру премьер лига және 1-ЛИГА командаларының өкілдері арасында жүргізілді. Жеңімпаздарды құттықтаймын! Арман, әрине, асқақ! Арманға жету жолындағы мақсаттарымыз біртіндеп орындалып келеді. Осы қарқыннан таймасақ Бейнеу футболының жұлдызы жарқырар шақ әлі алда деп білемін» деді.
Тұралы ЖОЛЫШОВ, Бейнеу жастар орталығы