Бүгінгі жастардың алдыңғы буынға қарап бой түзейтіні белгілі. Алдыңғы буынның айтары көп болса, бүгінгі жастың үйренері де аз болмайтыны анық. Ауданымызда жастарға саламатты өмір салтын насихаттап жүрген ардагерлер спортты тек қана серік етпей, оны кеңінен насихаттауда, өскелең ұрпаққа өнеге болатындай жұмыстар да атқарып жүр. Жалпы аудан бойынша ардагерлер арасында спорттық жарыстарды ұйымдастыру қолға алынып, қазіргі таңда көптеп өткізілуде. Атап айтар болсақ жақында өткен Еңбек ардагері марқұм Бекжанов Махмұт Аяпұлын еске алуға арналған бильярдтан ардагерлер арасындағы 2 – ші аудандық ашық турнир өткізілді. Аталған турнирге аудан бойынша 10 ойыншы қатысып, өзара кім мықтыны анықтауға тырысты. Айта кетейік, жастарының ұлғайғандарына қарамастан, ардагерлеріміз жастарға үлгі боларлықтай ойын өрнегін көрсетіп, шынықсаң шымыр болатындықты дәлелдей түсті. Тартысқа толы турнир жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй мен тамаша ойын сыйлады.
Жалпы, турнирдің қортындысы бойынша Кенжеш Сейітов пен Амангелді Мырзатаев жүзден жүйрік шығып, турнирдің жеңімпаздары атанды. Екінші орынға Аманқос Ертілеуов пен Сәрсенбай Құртышов ие болса, Өтелген Жайлаубай мен Сегізбай Әнес үздік үштіктің қатарын түгендеді. Жарыстың үздік деп танылған спортшыларына Еңбек ардагері М.Бекжановтың ұрпақтарының дайындаған арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ