©
Аядай ауылдан Әлем чемпионатының жүлдегері шықты. Түпқараған ауданына қарасты Таушық ауылында 2001 жылы туылып, бүгінде Шахта орта мектебінде 10 сынып оқитын Жалғас Сағатов бала күнінен спортпен шұғылданады. 11 жасында кикбоксинг секциясына тәрбиеленуге келген ол облыстағы жарыстардан жүлделі орындар иеленіп, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанып, кикбоксингтен облыстық құрама командасының мүшелігіне өтеді. Кикбоксингтен Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне үміткер.
Таушық ауылы ғана емес, облыс зор үміт күтетін Жалғас тамыз айының 28 күні Ирландия мемлекетінің Дублин қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында кикбоксингтен 71 кг. салмақ дәрежесінде ІІ дәрежелі орынды иеленіп, күміс алқаға қол жеткізді. Бұл жөнінде Түпқараған аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі хабарлаған болатын. Былтыр күзде ашылған Таушық ауылындағы заманауи спорт кешенінің директоры әрі Жалғастың бапкері Балтабек Өтебаевқа хабарласқанымызда:
-Жалғастың спортта болашағы бар. Өзіне сенімді әрі жауапкершілігі бар бала ретінде спорттың осы түрінде белесті бағындыратынына сенгенбіз. Үмітімізді ақтап жатыр. Менің өзім Азия чемпионатына қатыссам, ол Әлем чемпионатында күміс жүлдегер болып отыр. Бұйыртса, алдағы жарыстарда алтын алады деп сенеміз! Маңғыстау облысындағы кикбоксинг федерациясы атынан аудан әкімі Темірбек Асауовқа демеушілік көрсетіп, қолдау білдіргені үшін алғысымызды білдіреміз!,-дейді.
Әлем чемпионатының жүлдегері Жалғасты 7 қыркүйек күні күтіп алу жоспарлануда.
Милана ЕЛЕУСІНОВА