Редакцияға біршама марапаттарын алып кірген Ербөлекпен әңгімеміздің әлқиссасы ауданымыздың спорт саласына қосып жүрген үлесінен бастау алды.
А.Меңдалыұлы атындағы орта мектепті аяқтап, Маңғыстау техникалық колледжінде оқып жүрген кезінде – ақ спортқа деген құлшынысымен көзге түскен ол оқу ордасының мақтанышы, талай жарыстың жүлдегері атанды. Жапондықтардың дәстүрлі спорт түрі, ұлттық күресі джиу-джитсудың ерекшелігі қарсыласының психикасын, анатомиясын жақсы меңгере білсең ғана қара күшті қолданбай ақ шабуылшының бағытын өзгертіп, тепе-теңдік қалпынан айырып жеңіске жетуге болатындығын үйренген Ербөлек үшін жақсы нәтижелерге қол жеткізу қиынға соқпасы хақ. Ердің ерлігі сынға түсетін көк кілемде айқасқан қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Ербөлек жылдың ең үздік спортшысы, аудан спортын дамытуға қосқан үлесі үшін джиу-джитсу федерациясының алғыс хат иегері, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атағын иеленді. Атап айтсақ, аталмыш спорт түрінен Қазақстан Республикасының кубогы 2-орын, Будо Федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарыста 1-орын, қазақ халқынан шыққан тұңғыш инжинер геолог Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының 130 жылдығына орай өткізілген жарыста 1- орын тағы сол сияқты жеңістері жетерлік. Ия, жігітке жеті өнер де аз десек ол шығыс жекпе жегімен қатар қазақша күрес, дзюдо, футбол, волейбол ойындарының шебер ойыншысы. Осындай жарыстарда қанжығасы майланып жүрген оның өзі білім алған мектепте ұстаздық қызметімен қатар жастарды осы спорт түріне баулитын үйірмесі тағы бар. Елуге жуық шәкірт тәрбиелеп, оның он сегізін жоғарғы дәрежедегі жарыстарға қатыстырып, ауыл спортын дамытуға үлес қоссам деген арманын жүзеге асырып жүрген жігіттің ойы-ауданның абыройы. Ұстазы, аға бапкер Дүйсенбиев Болаттың тәжірибесінде шыныққан оның өзі бәйгеге қосып жүрген М.Темірханов, А.Шаншарбеков, П.Тағанова А.Тікірекова, Ш.Сайлаубаева, Е.Ертілеуов, Ұ.Қосаев сынды шәкірттері Ербөлектің ізін басып, біршама белестерден көрініп жүр. Аудан әкімдігі, аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жігіттің спортқа деген құлшынысын еселей түскендей еді.
Спорт - салауатты өмір кепілі, ал салауатты ел бәсекеге қабілетті ел. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында Н.Ә. Назарбаев 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттесе, «жастардың спортпен айналысуына жағдай жасасақ жасөспірімдер арасында жаман қылықтарға бой алдыру біршама төмендер еді» деп айтқан сөзін басшылыққа алып салауатты өмір салтын ұстануға өзімен қатар өзге де ауыл жастарын тартып жүрген Ербөлектің ерлігі елді сүйсінтеді.
Айгүл РАХМЕТОВА