Маңғыстау облысы бойынша «Грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы» ҚБ мен Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен «Жастар жылына» арналған грек-рим күресінен 2004-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Ақтау қаласында Маңғыстау облысының чемпионаты өтті. Облыс чемпионатына аудандық, қалалық жерлерден бірнеше құрама командалардың спортшылары қатысты. Жарыстың негізі мақсаты - спорттық шеберлікті жетілдіру, грек-рим күресін жан-жақты дамытып, жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеу, спортшылардың спорт шеберліктерін арттыру, сонымен қатар ҚР Чемпионатына облыс құрамасын іріктеу. Әр түрлі салмақ бойынша бақ сынаған дүбірлі додада Бейнеу ауданының құрама командасынан Аманжол Тағанбаев І-орын (41 кг), Рақымжан Исатаев І-орын (44 кг), Шерхан Недір ІІ-орын (38 кг), Самат Төлегенов ІІ–орын (34 кг), Айдын Шоғыбаев ІІ-орын (57 кг), Жәнібек Әділхановтар жүлделі ІІІ-орынды иеленіп, дипломмен марапатталды. Палуандарымыздың ішінен І және ІІ орынға ие болған А.Тағанбаев, Р.Исатаев, Ш.Недір, С.Төлегенов пен А.Шоғыбаевтар алдағы уақытта өтетін ҚР чемпионатына жолдама алды. Жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап, алда өтетін жарысына жеңіс тілейміз.
Үміт ҚАЗДАЕВА