Маңғыстауда тұңғыш рет бодибилдингтен республикалық чемпионат өтті. Оған он екі аймақтан 200-ге жуық спортшы қатысты.
Кең көлемді осынау шараның пердесін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов түріп, бодибилдингтің қолжетімді спорт түрі екенін, мұнымен кәсіби спортшылармен қатар басқа салалардың өкілдері де айналыса бастағанын айтты.
- Бодибилдинг – эстетика, әсемдік және сұлулық спорты, - деді ол. - Көпшілік үшін бұл спорт түрі өмір салтына айналған. Барлық адам сымбатты дене қалпын қалайды, алайда тек жігері мен сабыры мықтылары ғана оның нәтижесіне қол жеткізеді. Себебі бұл спорт түрі қажырлы еңбекті талап етеді. Бүгінде біздің бодибилдерлеріміз тек дене мүсініне ғана емес, ішкі сұлулыққа да аса мән беретіні байқалуда. Барлық қатысушыларға табыс, жеңіс тілеймін.
Шараның басты ұйымдастырушысы IFBB Республикалық бодибилдинг федерациясы мен Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы. IFBB бойынша Маңғыстау облысының өкілі Анатолий Ждановтың айтуынша, бұл жолы аймаққа бәсекеге қабілетті өңкей мықтылар жиналған.
- Спортшылардың барлығы жүлделі орындарға таласты, іріктеу әділ өтті деп айта аламын. Себебі бұл әлем және Азия чемпионатына жолдама беруге мүмкіндік беретін чемпионат. Чемпионатта елдің түкпір-түкпірінен жиналған ең мықты спортшылармен қатар, көрші Ресей мен Қырғызстан спортшылары да қатысты. Шараның басты мақсаты–салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындар арасында спортқа деген қызығушылықты көтеру. Сондай-ақ чемпионат Ақтау қаласының 55 жылдығына да арналып отырғанын айтып өткен орынды болар. Бұл шара тек қатысушылар ғана емес, көрермендерді де ынталандырып, жас спортшылардың қатары көбейеді деген үміттемін, - деп атап өтті IFBB Маңғыстау облысы бойынша өкілі.
Қазылардың бағамдауынша, чемпионат кәсіби жоғары дәрежеде өтті. Қатысушылар 66 дәреже бойынша бақ сынасты. 100-ден аса спортшы Қазақстан құрамасына өтті.
Жеңімпаздарды атап айтсақ, Маңғыстау облысынан Акрам Зарапатоглы «мэнс физик» санаты бойынша 2-орын алса, Полина Зиновьева «фитнес бикини» аталымынан 3-орынға ие болды. Ал турнирдің ең күрделі дәрежесі бойынша Сұлтан Әлібеков 4-орынға табан тіреді. Спортшылар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64074,64075,64077,64076"]