Бұрын хабарлағанымыздай 21-23 қыркүйек күндері Қызылорда қаласында панкратионнан Қазақстан Республикасының біріншілігі болды. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 300-400-дей спортшы қатысты. Соның ішінде Маңғыстау облысынан 60 адам барып қайтты. Солардың арасында жаңаөзендіктер – 14 спортшы болды.
Командалық есепте күн сайын болып отырған панкротионнан маңғыстаулықтар бірінші орынды қолдан бермеді. Жаңаөзендік спортшылар осынау жарыста 6 алтын, 2 күміс және 5 қола медальды иеленіп, қанжығалары майланып қайтты. Ал Азия чемпионы Нұрнияз Көшбаев қатарынан екі жарыста бәсекеге түсіп, екеуінен де бірінші орынды иелеп, алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, ол панкратионның традишн түрі бойынша 100 келілік салмақ дәрежесінде бірінші орынды жеңіп алса, осы спорттың элит түрі бойынша да біріншілікті қолдан бермеді. Нәтижеде спорттың екі түрі бойынша қос жеңіске ерісіп ауылға көңілді оралды.
- Менің осындай жетістіктерге ерісіп жүргендігім, біріншіден - өз еңбегімнің арқасында болса, екіншіден – жаттықтырушым Асылбек Рахманбердиевтің арқасында. Сондықтан жаттықтырушыма өте ризамын әрі шексіз алғыс айтамын, - дейді Азия чемпионы Нұрнияз Көшбаев. – Бұл менің сүйікті Жаңаөзен қаламыздың 50 жылдығына арнаған тартуым болады.
Иә, бізде ауылымыздан шыққан Азия чемпионына табыстар тілейміз. Дені сау болып, үнемі биіктерден көрініп, ата-ананың, жаттықтырушының үмітін ақтап, ауылдастарының атағын аспандатып, жалпы киелі мекен Маңғыстау спортының жетістіктерін әлемге танытып, қазақтың көк байрағын жоғары желбірете бер демекпіз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН