©
Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Бейнеу ауданында дене тәрбиесі пәнін оқыту, жастарды спорт түрлеріне жетілдіріп, тәрбиелеудегі жетістіктеріміз аз емес.
Өмір дегеніміз - өткен тарихтарды еске алудан тұратынын ескеріп, сәл ғана тарихқа көз жүгіртіп, соның ішінде спорттың дамуы жайлы айтқалы отырмын.
1950 жылы Сам құмының Қызыләскер жеріне мектеп салып, бала оқыту үшін сонау Маңғыстау ойынан балашағасын атқа мінгізіп, үй жүктерін түйеге артып, білім саласының ардагері марқұм Көшекен Қалауов келген еді. Ол өзінің ерекше еңбекқорлығымен келе сала балшықтан кірпіш құйып, ең алғаш Сам құмында екі кластық бөлмесі бар мектеп салғаны ел аузында аңыз болып қалған. Осы Қалауов Көшекен салдырған мектепті кейін Өтесбай Әлжанов, Бекқожа Еділханов, Қылыш Өтетілеуов жалғастырып, оқушыларға білім берген Сам жеті жылдық мектебі 1961 жылы институт бітіріп, бір топ жас маман келгенде бес сынып бөлмесі бар, аз балаға арналған интернат үйі бар білім ордасы болды.
Міне, осы жастардың келуімен білім берілу сапасы да, спорттың түрлері де дами бастады және сонымен қатар Тұрыш жерінен 1962 жылы жаңа мектеп, кішкене гимнастикалық спорт зал салып берді. Құла далада жазғытұрым мезгілде сиыр жүнінен домалатып жасап алған доптарымен «қашпа доп» ойнағаннан басқа ештеңе көрмеген ауыл балалары спорттық ойынның түрлерін (волейбол, баскетбол, қол добы, футбол, шахмат, шашка, күрес, жеңіл атлетика, т.б.) үйрене бастады. Қажетті құралдарды Москвадан пошта арқылы алдырып, пайдаланған.
Спорттың дамуына мамандар қажет екені уағыздалып, соның арқасында Ақжігіт мектебінің түлегі Байбол Екібаев Алматы физкультура институтына 1969 жылы түсіп, 1973 жылы бітіріп келді. Маңғыстауда тұңғыш Алматы физкультура институтын бітірген Бердібай Сарбалаев ағамыз болатын. Содан кейінгі жылдарда қыз балалардың институт бітіріп келіп, спорттық формамен сабақ беруі біздің жастарымыздың, әсіресе қыз балалардың арасында спортқа деген қызығушылықты туғыза бастады. Қыздардың қатарында Сәуле Аманғалиева Орал педагогикалық институтының физкультура факультетін бітіріп келіп, Ақжігіт орта мектебінде, кейін Бейнеу ауданы орталығына келіп сабақ беруі - қыз балалардың спортқа деген ынтасын арттырды. Сәулемен қатар Светлана Алексеевна Гюльмамедова жоғары білімді дене тәрбиесі маманы қыз балаларға бар білгендерін үйретіп, олардың спортқа қатысуларына, жоғары оқу орындарына түсу үшін дайындалуына ақыл-кеңестерін беріп отырды. Сәуле мен Светлананың арқасында қыз балалардың волейбол, баскетбол ойындарына қызығушылығы күшейді. Сөйтіп қыздардың «Атамекен» волейбол командасы құрылды. Команда облыстық жарыстарда жүлделі орындарды алып отырды. 2003 жылы «Ақ бидай» бағдарламасы бойынша селолық, аудандық командалар жарысында бірінші орын алып, аймақтық жарысқа жолдама алды. Сол жылдары Атырау, Орал, Ақтөбе волейболшылар командаларымен сайысқа түсіп, Жамбыл қаласында өткен республикалық жарыста 5-орынға ие болды. Ол команда құрамы осы Бейнеу ауданының қыздары еді. Олар Зульфия Алланиязова, Маржан Байтілетова, Шырайгүл Ережепова, Гүлнар Жанұзақова, Бақыт Құсайынова, Мария Құттымұратова, Жанар Қалиева, Гүлнар Қарымсақова, Жанар Мусағалиева, Айгүл Сарина, Айгүл Сәуірбаевалар еді. Бұлардың сегізі білім саласында жұмыс жасайтын, кейін бірте-бірте жастар арасында физкультура институтын бітіріп келушілер көбейді.
Мектептер жыл өткен сайын жас мамандармен толығып отырды. 1979 жылы Алматы физкультура институтын бітірген Болат Баймағанбетов өзінің оқыған Қарақұм орта мектебіне келіп, спортты дамыта бастады. Ол спорттың барлық түрінің дамуына үлесін қосты. Оның тәрбиелеген шәкіртінің бірі - Жамбыл Жазмұқанов. Ол 2014 жылғы Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасы ауыл жастарының жарысында 3-орын алды, ал Баймағанбетов спортты дамытудағы еңбегі үшін «Дене шынықтыру мен спортты дамытудағы еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Алматы физкультура институтын бітіріп, 1980 жылы Қаныбек Жаманбаев келді. Бұл жас маманның келуімен аулымыздағы волейбол ойынының өрісі кеңіп, өрнегі өзгерді. Оның дайындаған жастары командалық жарыстарда, облысаралық жарыстарда жүлделі орындардан түскен жоқ. Бұл команданың қазір ардагерлері атанған құрамы Балта Амандықов, Балға Амандықов, Әбді Азанов, Жұмабек Амандықов, Алдаберген Қуанышбеков, Валерий Баженов, Қаныбек Жаманбаев, Жолшы Шыңғысов, Ғұбайдулла Шыңғысов, Есен Тұрғанов еді.
Өткен кезеңге сәл шегініс жасасақ, аудан құрылғанда тек аз ғана мектептер Сам орта мектебі, Амангелді сегіз жылдық, Ақжігіт орта мектебі, Каменный, Сарқамыс, Опорный, Қарақұм орта мектептері болды. Бейнеу селосында теміржолшылардың №491 орта мектебі болатын. Міне, бұл мектептердің барлығында да талапқа сай спорт залдары болмады, кейбірінде ғана гимнастикалық зал болған еді.
Гурьев (қазіргі Атырау) педагогикалық институтының 1990 жылғы түлегі, Гурьев облыстық баскетбол құрама командасының мүшесі, республикалық жарыстың жүлдегері Нұрболат Ережепов, 1991 жылы Алматы физкультура институтын бітіріп Мағзом Нұрбергенов келіп, ауданымызда баскетбол ойынының мәртебесін көтерді. Көптеген жастар дайындықтан өтіп, ауданда баскетбол құрама командасы құрылып, облыстық және облысаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан түскен жоқ. Бұл құрама команданың ойын үлгісіне қызыққан облыстық баскетболдық құрама командасы Бейнеу селосына бірнеше дүркін келіп, жарысып, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді. Баскетбол командасының құрамында Алшынбай Азаматов, Оңғарбек Ауданбаев, Сәкен Ауданбаев, Амангелді Байболатов, Нәубет Есекенов, Нұрболат Ережепов, Серік Жентіров, Мықтыбай Жангиров, Мағзом Нұрбергенов, Ардақ Таласбаев, Хамиев Базаралылар болды. Бұл баскетбол командасын «Сүйіндік» ЖШС-нің директоры, марқұм Бердібек Амандықов «Сүйіндік» командасы деп атап, үнемі қалааралық, облысаралық жарыстарға жіберіп, жыл сайын аудан жастарының арасында баскетболдан жарыстар өткізуге қаражат бөліп отырды. Бұл кезеңдегі Бейнеу ауданының спорттық дамуының бағасын былайша беруге болады. Совет Одағының батыры Боран Нысанбаев атына селолық аудандар арасында Атырау облысы, Теңіз ауданының Ганюшкино жерінде 1989 жылы спорттың көптеген түрінен жарыстар өткізілді. Міне, осы жарықта қатысқан 14 ауданнан екінші орын алып, 1990 жылы осы аталған жарысты Бейнеу ауданында өткізуге деген шешімге ие болдық. Бұл жарыста 1990 жылы бірінші орынды жеңіп алғанбыз.
Мамандардың жетілуіне байланысты спорттың түрлері аудан мектептеріне тарай бастады. Шырайгүл Ережепова оқушыларды тоғызқұмалақ ойнауға үйретті. Оқушылар облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында Толқын Қосбармақова, Мөлдір Қосбармақова, Хадис немересі Тілекші, Хадис немерелері Нұрсұлтан, Асан, Бексұлтан, Әли немересі Ләйла, Жиенбек Қуанышбеков, Ақниет Балтөреев, Ақбота Әжімбаева, Әсем Әбдіғұлова, Құралай Машырықова, Өришанова Әйгерімдер болды. Қазір барлық мектептерде тоғызқұмалақ ойынынан жарыстар өтетін. Сонымен қатар волейболдан жеке шәкірттер дайындап, олар Айгүл Сарина, Гүлнәр Жанұзақова, Ғалымжан Махсудов, Берік Қарағуловтар Бейнеу селосының мектептерінде осы салада сабақ беріп жүр.
Сол сияқты таэквондодан қара белбеу, 1-дан, спорт шебері Зульфия Алланиязованың 1999 жылы Бейнеуге жаттықтырушы болып келуі - барша халыққа үрдіс қозғалыс туғызды. Ата-аналар балаларын спорттың жаңа түріне бере бастады. Шебер ұстаз балаларды бес жасынан бастап қабылдап, оларды таэквондоның қыры мен сырына үйрете бастады. Оның ерен еңбегінің арқасында Айнұр Асабаева ауданның, тіпті облыстың мақтанышы болып жүр. Ол – қара белбеу иегері, спорт шебері, ең жоғары дәрежелі жаттықтырушы. Сонымен қатар Алматы қаласында Қазақстан Республикасының таэквондодан олимпиялық қосалқы құрамдар дайындайтын жоғары мектебінде жаттықтырушы. Сол сияқты Зулфия дайындаған спорт шеберлері Инна Қайырова, Айна Имашова спорт шеберлігінен үміткерлер Арман Айтбаев, Азамат Айдынбаев, Ұлболсын Ахметова, Ақылбек Жиенбаев, Асхат Жамансариев, Жаңылсын Имашова, Сапаркелді Мәмбетмұратов, Тимур Мелісұлы, Динара Тілепова, Мөлдір Төлепбергенова, Нұржан Фермебай, ал қара белбеуден үміткер 40-тан астам жастар бар.
Ерекше мақтанышпен айтатын спортшыларымыз да аз емес. Соның бірі және бірегейі— Юсупов Асхат қозғалыс мүшелері кем спортшылардың арасынан жүгіруден Қазақстан Республикасының чемпионы, волейбол, баскетбол, футбол ойындарының спорт шебері. 2014 жылығы Оңтүстік Корея Инчхон қаласындағы Азия ойындарының жүлдегері. Сол сияқты Опорный мектебінің түлегі Мерей Сатқанұлы Испанияның «Барселона» кәсіпқой футбол клубына қабылданды. Қазір сонда оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Жаттықтырушысы — Опорный мектебінің ұстазы Әбілқайыр Ишанов.
Спорт саласында Талғат Есекенов 1993 жылғы дзюдодан Қазақстан Республикасының жүлдегері, самбодан Қазақстан Республикасының чемпионы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кубогінің иегері, жоғары категориялы жаттықтырушы. Ол — Нарбаев Бауыржанның алғашқы бапкері. Бауыржан Нарбаев Алматы қаласында олимпиада резервтерін дайындайтын мектепте, кейін сол колледжде оқуын жалғастырып жүрген Қазақстан Республикасының дзюдодан және самбо күрестерінің чемпионы. Дзюдодан Каунас қаласында Австрияның Лейбниц қаласында, Қырғызстанның Бішкек қаласында, Хорватияда өткен жастар арасындағы жарыстың жүлдегері, 21–сәуірде Алматы қаласында өткен Азия чемпионатының алтын медалінің иегері. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының мүшесі.
Спорттың басқа түрлерінен де жетістіктеріміз жеткілікті, соның ішінде қазақша күрестен Елубай Кенжебайды мақтанышпен атаймыз. Ол – спорт шебері, қазақша күрестен халықаралық дәрежедегі төреші. 1990 жылдан бастап жастарды қазақша күрестен жаттықтыра бастады. Соның нәтижесінде Серік Есмағанбетов, Еламан Шалабай, Қуаныш Жалғабаев, Балтабек Төтенов секілді спорт шеберлері танылды. Және Мықтыбай Есмағанбетов, Жандос Салиев, Жансерік Бахтыбеков, Қанат Нұрмағанбетов, Нұрғиса Избасаров, Бауыржан Еламанов, Нұрбол Халиманов, Нұрлыбай Ауданбаев, Азиз Ұзақбаев, Жалғас Қалжанов, Ғаламат Қобыланов секілді спорт шеберіне үміткерлер бар.
Джиу-джитсудан Жеңіс Қайранов пен Шыңғыс Қайранов сынды спорт шеберлері жетіліп, шығып отыр. Бақтығали Икасбаев, Асхат Алиев, Әділғали Абзал, Еламан Комсомолов, Нұржан Бөкенов, Тұран Нұрболат, Медет Маратов секілді үміткерлер бар. Самбо күресінен Ербол Әділгереев, Бақытжан Дюсенов, Қайрат Жолдасов спорт шеберіне үміткерлер қатарында.
Аралас жекпе-жектен Есқали Қайыров спорт шеберіне үміткер, дзюдодан Нұрдәулет Ерболұлы, Асылан Жәлелов спорт шеберіне үміткерлер, бокстан спорт шеберіне үміткерлер Бақытбек Божанов, Талғат Джагуфаров, Жанарбек Жарылғанов, Ниетуллаев Алматты атауға болады.. Греплингтен спорт шеберіне үміткерлер Нұртас Меңдіқұлов, Әділхан Көмеков бар. Стол теннисінен Айгүл Сәуірбаева – облыс чемпионы, 1-разряд спортшы. Сол секілді панкратионнан спорт шеберіне Атакелді Есетов үміткер болса, грек- рим спорт шеберіне үміткер Парасат Демеуов бар.
Қазір Бейнеу ауданы бойынша 15 орта мектеп, екі колледж, бір лицей, бір гимназия және 6 мектеп балабақша бар, бұлардың барлығында дерлік спорттық және гимнастикалық залдар бар. Сонымен қатар барлық мектептер мамандармен толық қамтамасыз етілген.
Міне, осындай жетістіктері бар Бейнеу ауданының мектептерінде оқыту және жастарды спорт шыңына жеткізіп, тәрбиелеу болашақта бұрынғыдан да дами береді деген сенімдемін. Оған мол мүмкіндіктер жасалған.
Ф. ЕРЕЖЕПОВ, ардагер спортшы