Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ә.Тұяқов атындағы стадионда жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Есірткісіз болашақ!» атты «Жасыл ел» жасақтарының қатысуымен марафон-эстафета өтті. Жарыс түрінде өткен марафон-эстафетаға Жаңаөзен қаласы, Рахат, Теңге және Қызылсай ауылының жасөспірімдерінен құрылған, он бес баладан тұратын 4 топ қатысты.
Шараның мақсаты - табиғаттың адам баласына сыйлаған басты байлығы - денсаулықты сақтаудың басты жолдары - зиянды, жат қылықтардан аулақ болып, салауатты өмір сүру екендігін ұғындыру.
- Ұйымдастырылып жатқан шараның бір ерекшелігі жастар арасындағы ауызбіршілікті қалыптастыру, достыққа, бос уақыттарын тиімді пайдалануға шақыру болып табылады. Қазіргі кезде жастар арасында шылым шегу, темекі тарту деген секілді әрекеттер көбейіп кетті. Осылардың алдын алу үшін, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында осындай шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырудамыз, - дейді қалалық жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс жөніндегі бас маманы Берік Сұңғатов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Серпін» бойынша оқуға құжат қабылдау басталдыЖарыс нәтижесі бойынша І орын - Қызылсай ауылының «Барыс» тобы, ІІ орынды Жаңаөзен қаласының «Бірлік» тобы, Рахат ауылының «Сұңқар» тобы ІІІ орын және ынталандыру сыйлығына Теңге ауылының «Тұлпар» тобы ие болды. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңіске жеткен топ қаржылай сыйлықтарға ие болып, диплом және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Марафон-эстафета «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ұйымдастыруымен «Жаңаөзен - жасыл қала» атты қаламыздың 50 жылдық мерейтойына арналған флешмобымен жалғасын тапты.
Айтолқын БЕРІКҚЫЗЫ