Бүгін мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен дүниеден озды. Дәрігер мамандардың айтуынша ол жансақтау бөліміне ауыр жағдайда түскен болатын, - деп хабарлайды Тенгриньюс сайты. Оқиға бейсенбі күні түскі сағат 15:00 шамасында Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. 3 литр қан жоғалтқан Денис Тен пышақ жарақатымен ауруханаға түскен. «Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Екі арада басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен. Қазір күдіктілер іздестіріліп жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысқа барлық ІІД құрамы жұмылдырылды», - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі. Естеріңізге сала кетейік, Денис Тен – мәнерлеп сырғанаушы, ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Денис Тен Алматы қаласында дүниеге келген. Маусым айында 25 жасқа толған.