Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған елімізде мемлекет саясатының стратегиялық бағыттарының бірі болып табылатын бұқаралық спорттық қозғалысты кеңейту бағытындағы қадау-қадау пікірлерін жүзеге асыру мақсатында, Құрық ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі алдына жаңа тың міндеттер қойып, оларды іске асыруды жоспарлы түрде қолға алып келеді.
Осындай ісшараның бірі 19-23 маусым аралығында Қарақия аудандық балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылды. Бұл игі шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласына 20 жыл, Қарақия ауданының құрылғанына 45 жыл толу мерекесіне орай алаш ардақтысы, қоғам қайраткері Жалау Мыңбаевқа арналған 2003-2004 жыл аралығында туылған жасөспірімдер арасында ІІІ–республикалық ашық бокс турнирі болып өтті. Жарыс мемлекеттік Әнұранмен басталды. Жалау Мыңбаевқа арналған дүбірлі додаға Ақтөбе, Аты рау, Батыс Қазақстан облыстары мен Маңғыстау облысының Ақтау, Жаңаөзен қалаларымен бірге барлық аудандарынан 270-ке жуық спортшы қатысып, бақ сынасты. Атаулы жарысты ауыл әкімі Қ.Құсайынов кіріспе сөзбен ашып, өткелі отырған турнирдің мәні мен маңызына тоқтала келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Алтын той қарсаңында«Елімізде боксшы жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл жастардың спортқа деген қызығушылығын білдіреді. Сондай-ақ бұл сайыс алаш мақтанышы Ж.Мыңбаевтың атына арнаумен қатар Елордасы Астана қаламыздың 20 жылдығы және Қарақия ауданының құрылғанына 45 жыл толу мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр. Әрине мұндағы мақсат – жастарымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлыларымыздың атын жас ұрпақтың құлағына сіңіріп құрметтеу және жастардың спортқа деген көзқарасын қалыптастырып, шеберліктерін алмастыру», - деді әлем және Азия чемпионы, Маңғыстау бокс мектебінің директоры Е.Жанабергенов сөз кезегінде. Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жеткен жасөспірім боксшылар жартылай финалға шығып, турнирді келесі күні жалғастырды. Тартысты өткен жартылай финалдық кездесулер көрермендердің де көңілінен шықты.
Жарыстың жабылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Қ.Беков, аудандық мәдениет, тіл дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Д.Атағараев қатысып, жүлделі орын иелеріне сый-құрмет көрсетті. Жартылай финал жеңімпаздары 22 маусым күні тайталасты да қызу бәсекеге түсіп, жүлделі орындарды сарапқа салды. Турнир нәтижесінде 2003-2004 жылы туылған облысымыздың түкпір-түкпірінен келген жас өрендер өз салмақ дәрежесінде әртүрлі жеңістерге ие болды. Мұнайшыдан 48 келі салмақта А. Бисенбаевпен А.Бекетаевтар 80 келі салмақта I орынды қанжығаларына байлады. Ал Құрықтан 50 келі салмақта О.Жұматов, 57 келі салмақта Б.Сарсенов, 63 келі салмақта Е.Айнабаевтар І орындарды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Республикалық турнирде «Ең үздік боксшы» болып Е.Айнабаев табылды. Жарыста аға жаттықтырушы Т.Джамаладинов, жаттықтырушылар А.Тоғжанов, С.Курегулов, Ж.Дінбаев, А.Қаржаубаев, Е.Муыт сынды үздік бапкерлердің қажырлы еңбектерін айта кеткен жөн. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшыларға, сонымен қатар үздік боксшыларға Қарақия аудандық спорт мектебі атынан дәрежелі дипломдар, грамоталар, медалдармен қоса бағалы сыйлықтар табысталды.
Мұндай жарыстар жастарымыздың рухын қалыптастырып, патриоттық сезімдерін оятады. Сондықтан спорттық ұйымдар осындай іс-шараларды ұйымдастыруға көп көңіл бөледі. Ендеше ауданымыздың өрендері республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде де ел мерейін асқақтата берсін.
Фариза ХАЙДАРОВА