Денсаулық кепілі - спортпен айналысушы жастарымыздың саны мен жеңісі күн санап артып келеді. Қай елде, қай жерде болмасын тартысты ойын көрсетіп, қарсыластарын ойсырата жеңіп жүрген мақтаныштарымыздың марапаты мол. Маңғыстау ауданы спортының дамуына өзіндік үлес қосып, жат қылыққа бой алдырмай, жақсы жаңалықпен қуантып жүрген жеңімпаздарымыздың жүлдесін тізбектеп көрелік.
БОКС
Бокстан Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына және Ауған жерінен Кеңес әскерінің шыққанына 29 жыл толуына орай өткізілген ашық турнирде бақ сынасқан Рақымжан Нәдіров екінші, Әділет Шәмер, Қуанышбек Бәтеш, Балғынбек Тұрдыханов пен Сұңғат Беріков үшінші орындарды иеленді.
Ақтөбе қаласында Галиб Джафаров атындағы Халықаралық турнирде Жарас Қомшабаев чемпион атанып, «шебер тәсілімен» номинациясын жеңіп алса, Астраханда өткен халықаралық турнирде Баянғали Қайпы, Атырау облысында 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Батыс аймақтық чемпионатында 44 келі салмақта сынға түскен Рақымжан Нәдіров күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Жас спортшы Ж.Қомшабаев Венгрияның Эгер қаласында өткен халықаралық турнирде 46 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола жүлдегер атанса, 49 келі салмақта тартысты өнер көрсеткен Самат Жетібаев Нальчик қаласында өткен халықаралық турнирден күміс жүлдемен оралды.
Сондай-ақ марқұм, жас спортшы Талғат Қалимовты еске алуға арналған 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында Ақтау қаласында өткен республикалық ашық турнирде 44 келі салмақта Айдос Ұлықпанов екінші орынды иеленді.
ДЗЮДО
Дзюдодан спорт мектеп-интернаттары оқушыларының арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында 73 келі салмақ дәрежесімен сынға түскен Нұрбек Қуанышұлы бірінші орын иеленді.
2003-2004, 2006-2007 жылы туған жасөспірімдердің Астанада өткен V дәстүрлі республикалық ашық турнирінде +73 келі салмақта өнер көрсеткен Жолдас Қартбаев күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ақтау қаласында халық батыры Иса-Досан атындағы ІІІ халықаралық турнирде өз жас шамаластары мен салмақтастары арасында Данияр Жолболдин, Айгерім Ретбаева, Мерей Закарина бірінші орын тұғырынан көрінсе, Бақдәулет Бисенбай, Азамат Ақылбаев екінші, Саффат Нұралы, Нұрсәт Қанатбаев, Қанат Әбітұлы, Жолдас Қартбаев үшінші орын межесінен көрінді.
Анталияда жастар арасында өткен Еуропа Кубогына Мұхаммед Зұлхарнаев пен Нұрбек Қуанышұлы қатысса, ересектер арасында Чехияда өткен Еуропа кубогына Сағынғалиұлы Бауыржан, Польшадағы жарысқа Кәмшат Қарасайқызы қатысып қайтты.
САМБО
Самбодан 2001-2003, 2004-2006 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Ақтау кубогі V Халықаралық турнирінде Ақниет Қонысбай, Кеңшілік Ізтұрған, Нұртас Қанатбаев, Мерей Закарина бірінші, Жолдас Қартбаев, Қанат Әбітұлы екінші, Данияр Жолболдин, Саффат Нұралы, Асылбек Әлен, Айгерім Ретбаева үшінші орындарды иеленді.
Мектеп пен колледж оқушыларының ІХ спартакиадасында Азамат Ақылбаев (51 келі) пен Аманқосов Мейрамбек (55 келі) қола жүлде иеленсе, Ретбаева Айгерім (42 келі) чемпион атанды.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Қазақ күресінен боз кілемде белдескен Сұңғат Жұбатқан Қазақстан студенттері Универсиадасының чемпионы атанды.
Ақтау қаласында жасөспірімдердің чемпионатында өз салмақ дәрежелерінде Абдрахман Ахметұлы, Бердібек Қайырханов, Ғамзат Бөлтеков қола, Ернар Мұсаұлы күміс, ал Дулат Шырақбай облыс чемпионы марапатымен мадақталып, Павлодарда өтетін Қазақстан Республикасы чемпионатына жолдама жеңіп алды.
ДЖИУ-ДЖИТСУ
Джиу-джитсудан Біріккен Араб Әмірлігінде 1998-2000 жылы туған жастар мен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатына қатысқан Қуандық Қонысов, Мәди Қуанов, Ернар Қарғабаев, Максим Төребай ширақ қимылымен, шебер әдіс-тәсілдерімен көпшіліктің қошеметіне бөленіп қайтты.
А.РАХМЕТОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Ақтау кубогі» халықаралық турниріне 400 самбошы қатысты