Жақында Ресей Федерациясы, Харабали ауданында өткен халықаралық бокстан сайысқа Маңғыстау облысының 2003-2004 жылғы іріктелген жасөспірім боксшылары қатысып, жүлделі орынмен оралды. Осы іріктелген жасөспірімдер құрамасы қатарында түпқарағандық Қалдыбай Темірбек Сағынышұлы да бар.
Түпқараған ауданының жас спортшысы Қалдыбай Темірбек бокстан іріктелген Маңғыстау облыстық жасөспірімдер құрамасының мүшесі қатарына биыл қабылданған болатын. Осыған дейін аудандық, облыстық, республикалық бокс сайыстарынан жеткен жетістіктері көп. Оның Харабалиде өткен жарысы туралы пікірін білген болатынбыз: – 250-ге тарта спортшы қатысқан халықаралық жарыс болды. Маңғыстаудан 18 бала бардық. Оған Қазақстанның түрлі облыстарынан, Қырғызстан, Дағыстан, Шешенстан елдерінен, Ресейдің өз облыстарынан спортшылар келді. Басқа ел, басқа жер, біздің спортшылар сонда да өз дәрежелерін көрсетіп, командамызбен 1 орын алдық. Жарыстың бірінші күнінде Харабали ауданының спортшысымен шығып, жеңіске жеттім. Жартылай және соңғы финалда Атырау облысынан келген спортшымен жарысқа түстім. Ең ұзақ кездесу финалда атыраулықпен болды. Әр раунд 2 минуттан тұрса, 3-ші раундта 6 минуттан аса жарысқан екенбіз. Харабалида болған 3 жарысымның үшеуінде де жеңдім, - дейді.
Темірбек өзінің қызығушылығымен бокс үйірмесіне осыдан 3-4 жыл бұрын ғана тіркелген. Осы аралықтарда жаттықтырушысы Асқар Камаловтан үйренгенім көп дейді. – Ағайларымыз үнемі бокстың қыр-сырларын, тәсілдерін, неше түрлі қолдану әдістерін үйретуден жалыққан емес. Сонымен қатар тәрбиелік сөздерін де айтып отырады. Спортшы өз күшін тек сайыс ұйымдастырылған алаңда дәлелдеуі керек, басқа қоғамдық орындарда тыныш жүру, ақылды болу керектігін айтады. Спортқа қатысатын, бірақ өз күшін әр жерде көрсетіп, төбелесіп жүретін адамды ағайларымыз өзімшіл деп біледі. Таныстарым, достарым спортқа қызығады, бірақ көбі шұғылдануға бармайды. Спорттың адамға берері көп екен. Әр адамның ішкі қорқынышын жеңуге көмектеседі, жеңіске де, жеңіліске де мойымауға үйретеді, уақытыңды тиімді пайдалана аласың және шымыр боласың. Осының барлығы жақсы нәрселер емес пе? – дейді жас спортшы. Әділбек Ниязымбетов, Қанат Ислам, Даниар Елеусінов сынды Қазақстанның атақты бокшыларына еліктеп өсіп келе жатқан Темірбекке алар асуларың көп болсын деген тілегімізді арнадық.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Темір жол бойында қараусыз мал көбейіп тұр