Спорттың саулық кепілі екені баршамызға мәлім. Десек те көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз жасырын емес. Бірақ қазіргі таңда мектеп оқушыларының спорттық ойындарға қызығушылығы артып, онымен айналысатын жастардың қатары күн санап көбейіп келеді.
Жастарды спортқа баулу - жарқын болашақ кепілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстар жанданып, даму үстінде. Елімізде спорт саласына көп көңіл бөлінуде. Маңғыстау өңірінде де спорт саласы өркендеп, мықты спортшылар түрлі жарыстарда жеңімпаз атанып, аймақтың абыройын көтеріп жүрген спортшылар да баршылық. Қазіргі таңда самбо спорт түріне деген жеткіншектердің қызығушылығы өте жоғары. Сол тұрғыда бұл спорт түрінің сапасы көтеріліп, оған келушілер саны арту үстінде.
"Маңғыстау-арена" спорт кешенінде Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған самбодан ұл-қыздар арасындағы «Ақтау кубогі» халықаралық турнирі кең көлемде ұйымдастырылды. Аталған шара осымен 5 рет өткізіліп отыр. Аймағымызда жалауын көтерген турнир Маңғыстау облысындағы самбо күресінің дамуына бірден-бір септігін тигізетін шара екендігі анық. Айта кетелік, Маңғыстау облысында самбомен 7000-ға жуық спортшы айналысады. Аталған турнирде өңіріміздің намысын 200-ге жуық ұл-қыз қорғады.
2 күнге созылған байрақты бәйгеге Ресей мен Қырғыз елінен және Атырау, Ақтөбе, Астана, ОҚО-нан 400 спортшы жиналды. Салтанатты ашылу рәсіміне біз де арнайы барған болатынбыз. Әрбір қатысушы - республикалық деңгейде өткен түрлі жарыстардың жеңімпаздары. Ешқайсысы да осал спортшы емес екендіктерін байқатты.
Денелері шыныққан, бір-бірінен күшті әр өңірдің балуандары боз кілемге шыққанға дейін жаттықтырушының ақыл-кеңесін тыңдап, қарсыласына өз техникаларын қалай қолдану керектігін пысықтап жүр. Спортшының үздік болуы тікелей жаттықтырушыға байланысты. Тәлімгердің қаншалықты мықты екені шәкірті өнер көрсеткенде айқын болады. Әрбір шәкірті ортаға шығып белдескен сайын тәлімгер тақымын қысып, алаңдап отырғандарын көрдік.
Турнирдің алғашқы күнінде жас айырмашылығы 2001-2003 жылғы туған ұл-қыздар боз кілемде күштерін сынасты. Жарыс өте қызықты және тартысты өткеніне куә болдық.
Халықаралық турнирдің бірінші күнінде 2 белдесу өткізіп, екеуінде де қарсыласын жеңген Саят Тұқпатов 50 келі салмақта өнер көрсетті. Ол Атырау құрамасының балуаны. Саят бұл спорт түрімен айналысқанына 4 жыл толғанын айтты. Атыраулық балуан қарсыластарының өзінен әлсіз еместігін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
- Біздің спортшылардың дайындығы өте жақсы. Аталған жарыста жоспарда үлкен жасөспірімдер арасында 5 алтын, кіші жасөспірімдер арасында 4 алтын иеленеміз деген үмітіміз бар, - дейді халықаралық турнирдің бас төрешісі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жұмағалиев.
- Күз мезгілінде әлем чемпионаты өтеді. Біз қолдау есебінде әлем чемпионатында жеңіп, аймақтың намысын қорғап келген жас спортшыларымызға жаңа салынып жатқан үйлерден пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Самбо спорт түрі өңірімізде өз деңгейінде дамып келеді. Спортшыларға сәттілік тілеймін, - деді Маңғыстау облыстық самбо федерациясының президенті Айдос Ағжанов.
Жарыстың соңғы күні 2004-2006 жылғы ұл-қыздар арасындағы күрес тартысты өтті. Финалдық белдесуге шыққан қатысушылар әр салмақ бойынша бақ сынасты. 9 жасар Мерей Заккарина Маңғыстау ауданынан келген спортшы. 3 қарсыласпен шығып, оларды өзінің ерекше техникаларымен жеңген жас спортшы.
Бұған дейін де түрлі жарыстардың жеңімпазы Мерейден жаттықтырушысы алдағы уақытта үлкен үміт күтетінін айтты.
32 келі салмақта жеңіс тапқан М.Заккарина болса, 36 келі салмақ бойынша «Жас Батыр» спорт мектебінің шәкірті Ш. Бүркітбай, 40 келі салмақта «Жас Батыр» спорт мектебінің спортшысы Ж. Әбілхайыр, 44 келі салмақта А. Әбішова, 48 келі салмақ бойынша Ж. Аманғалиева, 52 келі салмақта Қызылорда облысының спортшысы А. Рүстемова, 57 келі салмақта Атырау облысынан Г.Болатова, 57 салмақтан жоғары А.Түзелбай суырылып алға шығып, жеңімпаз атанды.
«Жас Батыр» спорт мектебінің Жыңғылдыдағы филиалында жаттықтырушы болып жұмыс атқаратын Нұржан Айдынғалиев 20 баланы сайысқа әкеліп, оның 1чемпион, бір шәкірті 1 орынға тұрақтап, үш спортшысы 3 орынға ие болған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіруден кейін қандай өзгерістер боладыБарлық қатысушылар «Жас Батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов пен ұйымдастырушыларға қолдау көрсетіп, осындай турнир ұйымдастырғаны үшін үлкен алғыстарын білдірді.
Самбо күресінен «Ақтау кубогі» халықаралық турнирінде командалық есепте, Маңғыстау облысы 19 алтын, Атырау облысы 6 алтын, Қызылорда облысы 5 алтын, Ресей мемлекеті 3 алтын, ШҚО 2 алтын иеленді. Орын алып, жеңімпаз атанған спортшыларға арнайы грамота, медаль және кубок сыйланды. Жүлдегер атанған жеткіншектер спорт шеберлігіне үміткер атағын алады.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50786,50785,50788,50789,50790"]