Қуантхан Төлегенов - шахмат ойынын ауданда дамытуға атсалысып жүрген спорт мамандарының бірі. Ол Түпқараған ауданындағы «Дарын» аудандық қосымша білім беру орталығы жанынан құрылған шахмат үйірмесінен бөлек Жалау Мыңбаев орта мектебіндегі аула клубында осы ойынға қызығушылық танытқан балаларды жаттықтырудан жалыққан емес.
- Шахмат ойыны баланың ой-өрісін дамытуға көп септігін тигізеді. Ол ғылыми ақыл-ой және халық шығармашылығы негізінде пайда болған ең танымды да, қызықты спорт ойыны саналады. Балаларға осы ойынның пайдасын үйретсек, өздері ары қарай қызыққаннан алып кетер еді. Кезінде шахмат ойынын сабақтан бөлек үйреткен Батыр, Тәжіғали сынды мықты математик ұстаздар болды. Солардың тәрбиесін көргендіктен кейінгі буынға қызықты спорт түрін үйретуді өзімнің парызым деп білемін, - дейді жаттықтырушы. Сол себепті де оқушылар арасында әртүрлі сайыстарды ұйымдастырып келеді.
Қ.Төлегенов осыған дейін республикалық деңгейде өтетін «Қазақстан барысы» турнирінің Түпқараған ауданындағы жобасын жасап, «Бастауыш барысы» атты қазақ күресінен сайыс ұйымдастырса, жақында ғана «Ақбозат» біріншілігін өткізіп, 10-12 жас аралығындағы жасөспірімдерді шахмат ойынынан сынға түсірді. Осы өткен сайыстардың қорытындысын газетке жариялаған жаттықтырушы өз сөзінде: - Балалардың қазіргі кезде спортқа емес, ұялы телефонға мән беріп, уақыттарын босқа өткізіп жүргені мені ойландырады. Себебі жан-жағындағы болып жатқан оқиғалардан беймәлім болып, қоғамнан алшақтанып, сабаққа, спортқа қызығушылық қабілетін жоғалтып жатқандай. Біздің ұйымдастыратын сайыстарымыздың мақсаты – баланы компьютерден алшақтату. Одан да қызықты спорт түрлері бар екенін көрсету. Балаларды спортқа тартуда қаржылай көмегін аямай, әрқашан қолдау көрсетіп жүрген Рустам Рысмұханбетов деген азаматты ерекше айтқым келіп отыр. Себебі түрлі сайыстарды біз ұйымдастырғанымызбен жеңіске жеткен балаға ешқандай марапат берілмесе, аты аталмаса, оның ынтасы өз-өзінен төмендеп, спорт үйірмелеріне қатысуы нашарлап кететінін байқап жүрміз. Ал өзара сынға түсіріп, мықтыларды әрдайым көрсетіп, марапаттап отырсақ, басқа балалар да жеңіске жеткісі келеді, ынталанады. Мотивация деген осы. Осы бағытта аудан спортына, оның ішінде мектеп оқушылары арасында өтетін жарыстарға қолдау көрсеткен Р.Рысмұханбетов «Бастауыш барысы» турниріне 150 мың теңге және шахматтан өткен «Ақбозат» біріншілігіне 60 мың теңге қаржылай көмегін берді. Осы берілген қаражаттарды пайдаланып, «Бастауыш барысында» 9 салмақ көрсеткішімен ойын көрсеткен 36 оқушыны, «Ақбозатқа» қатысқан 28 шахматшы баланы ақшалай марапаттап, грамота, медальдарын табыстадық. Жалпы қай спорт түрі болсын әлсіздерге арналмаған. Ал «Шахмат – батылдығы нашар адамның ойнайтын ойыны емес» деп Вилгельм деген данышпан айтқан екен. Үйренем дейтін әрбір оқушыға үйретуден жалықпаймын. Үйірме залдарына болмаса аула клубына, кабинеттерге спортқа шақыратын түрлі көрнекі құралдар ілінсе баланы спортқа шақыруға септігі тиері анық, - деп сөз соңын түйіндеді.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
Тағы оқыңыз: Қожантай Қойбас Жалбырұлы