©
Ақтау қаласындағы «Теннис» спорт орталығында каратэ-до киокушинкайдан ашық турнир өтті. Жарысқа облыстың барлық қала-аудандарынан жиналған 240-тан астам спортшы қатысты.
6-16 жас аралығындағы каратэшылар 24 салмақ бойынша жарысқа түсті. Турнирде жеңіс тұғырынан көрінген үздік спортшылар мамыр айында өтетін оқушылар арасындағы республикалық спартакиадаға жолдама алып, Маңғыстаудың намысын қорғайды.
Интернационал-жауынгерлерді еске алуға арналған жарыстың ашылу салтанатында ауған соғысының ардагерлері қатысушы спортшыларға құттықтау сөз айтып, қолдау көрсетіп, сәттілік тіледі.
«Турнирде балалар жоғары нәтиже көрсетуге, жеңіске жетуге талпынады. Онымен қоса, осындай жарыстар мықтылардың жұлдызын жандырады, жаттықтырушыларды екі есе еңбектенуге, біліктілігін арттыруға итермелейді. Біздің федерация жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, қарқынды дамып жатыр. Аудандарда балалар үшін каратэ-до спорты бойынша бірқатар қосымша бөлімдер есігін ашты. Бүгінде облыста 600-ден астам бала каратэ-до киокушинкаймен шұғылданады. Шәкірттеріміздің ішінен еліміздің ғана емес, Азияның чемпиондары да шығуда. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш!,-деді облыстық каратэ-до киокушинкай федерациясының басшысы, бас жаттықтырушы Мұхтар Жолдасов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда ауған соғысында қаза тапқандарды еске алдыТурнирдің қорытындысында ерекше көзге түсіп, үздік нәтиже көрсеткен Қ.Алихан, А.Қожамқұлов, Р.Серіков, Р.Рязанцев, Д.Абутов, Ш.Мухалиев, С.Эрмет, Б.Оспан, К.Әділбекімов, Ж.Ізбасаров, А.Даражат, А.Әбдіғали Ж.Долубек, М.Ағабек, Р.Мудалар, Ұ.Құсайын, Н.Орынбасар, В.Коновалова, Т.Нұрлыбек, А.Дүйенаев, Б.Дакеш, И.Асқарқызы және Н.Аққали өз салмақтары бойынша жеңіске жетті.
Сондай-ақ марапаттау кезінде ауған соғысының ардагерлері федерацияға спорттық жабдықтар сыйлады. Ал он жыл қатарынан жарыстарды ұйымдастырып, спорт саласындағы еңбегі үшін бас жаттықтырушы М.Жолдасовты Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапаттады.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48965,48966,48964,48969,48967,48968"]