Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы және кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 29 жылдығына орай «Энергетик» спорт мектебінің залында бокстан қалалық турнир басталды. Оған Астана, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Ташкент пен Жызақ облысының құрама, Қарақалпақстан Республикасының Хожелі қаласынан командалар қатысып жатыр. Маңғыстау облысының Бейнеу, Түпқараған, Маңғыстау, Мұнайлы, Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылы, Қарағия аудандары мен Жаңаөзен, Ақтау қалаларынан 13-14 жастағы 180 жасөспірім келді.
Осынау халықаралық бәсекенің ашылу салтанатына қала басшылары мен Маңғыстау облыстық және Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттары, сондай-ақ ауған соғысының ардагерілері қатысты.
- 360 әулиелі киелі мекен Маңғыстауға қош келдіңіздер! – деп сөзін бастаған Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева. – Біздің елімізде бұқаралық спорт маңызды орын иелейді. Соның ішінде боксқа ерекше көңіл бөлінген. ҚР Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған биылғы Жолдауында да нақты атап өтті. Сондай-ақ, спорттың бұл түрі Жаңаөзен қаласында да жақсы дамыған. Соның арқасында жасөспірімдеріміз әр жылы жоғары жетістіктерге ерісіп келеді. Мысалы, 2016 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен бәсекеден Бекзат Нұрдәулетов, Украина астанасы Киев қаласында болған жарыстан Ділшат Нұрымовтар бас жүлдені қанжығаларына байлап, абыроймен оралды. Мұндай спортшыларымыз көптеп саналады. Осының бәрі маман спортшыларымыз бен тәжірибелі бапкерлеріміздің арқасында қол жеткен табыстар. Сондықтан Жаңаөзен шәһәрінің жарты ғасырлық торқалы тойы қарсаңында басталып отырған бүгінгі халықарлық сайысты ашық деп жариялаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, - деп турнирдің басталуына рұхсат етті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Қолдарын кеулеріне қойып, мемлекеттік Туға қарап, қосыла шырқаған жас спортшыларымыз негізгі міндеттеріне кірісті.
Мұнан кейін Жаңаөзен қалалық ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы С.Құлсариев жас спортшыларды құттықтап, байрақты бәсекеде табыстарға жетулеріне тілектестік білдірді.
- Біздің Маңғыстауға бұл бірінші рет келуіміз емес. Бұрын Ақтау қаласында өткен жарыстар мен жерлесіміз Б.Сақтағановтың турниріне арналған бокстарға қатысып жүрміз. Ал Жаңаөзенге кеше келдік. Рахмет, халқы қонақжай екен, жақсы қарсы алып, күтіп алды. 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы сайысқа алты спортшымызды алып келіп, бәйгеге қосып жатырмыз. Қасымда Қарақалпақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер Сали Қожаниязов пен жаттықтырушы Саламат Пірімбетов бар. Жарыстың бастамасы біз үшін жаман емес. Екі баламыз ұтты. Енді екеуі шығады. Екеуі жартылай финальда өнер көрсетеді. Жақсы, рахмет. «Спорт – бейбітшілік елшісі» деп бекерге айтылмаған. Маңғыстау спортшыларымен арақатынасымыз өте жақсы, - деп Қарақалпақстандағы Хожелі қалалық спорт мектебінің аға бапкері Абатбай Үббиев өз ризашылығын білдірді.
Боз кілемнің үстінде болатын бәсеке үш күнге жалғасады.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақ жырының Қадыры