Мұнайлы ауданының он жылдық мерейтойына орай мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, Мұнайлы аудандық пробация қызметінің, аудандық жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Саламатты Қазақстанға қадам бас» тақырыбында волейболдан дәстүрлі турнир өтті.
Турнирге Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Мұнайлы аудандық пробация қызметінде есепте тұрған шартты сотталғандардан жинақталған команда, «Қазақстан Темір Жолы» мекемесінен және Мұнайлы аудандық мемлекеттік қызметшілерден құрылған құрама командалар қатысып, бақ сынасты.
Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ойыншылар ойын шарты бойынша үш топқа бөлініп, біріншілік кубогін сарапқа салды. Бабы мен бағы келіскен құрама командалар кәсіби шеберліктерін таныта отырып, өте қызықты және тартысты ойын көрсетті. Ойынды тамашалауға келген жанкүйерлер де қызықты сайыстың куәгері болды.
Пробация қызметінде есепте тұрған жастарды қоғамға тарту, белсенділікке шақыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастар арасында құқық бұзушылыққа қарсы иммунитеттің пайда болуына ықпал ету, сондай-ақ ауданаралық әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсаты көзделген жарыс қорытындысы бойынша «Қазақстан Темір Жолы» мекемесінің командасы алдына жан салмай, айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Ал, мемлекеттік қызметшілер екінші орынға ие болса, пробация қызметінің құрама командасына үшінші орын бұйырды. Жеңімпаз командалар арнайы кубокпен және грамоталармен марапатталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31444,31443,31445,31446,31447"]