Аймақта алғаш рет кәсіподақтар ұйымы арасында волейболдан жарыс өтті. Жарысқа өңірдегі ірі өндіріс мекемелері, денсаулық сақтау, білім басқармалары, темір жол саласы, коммунальдық мекемелердегі кәсіподақ ұйымдарынан жасақталған 20-дан астам команда қатысып, бақтарын сынады. Жарыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, «Қаражанбасмұнай» АҚ «Келешек» жас мамандар кеңесінің төрағасы Данияр Оралов қатысып, сөз сөйлеп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
- Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану-деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Сондықтан да бүгінгі жарысқа үлкен дайындықпен қатысып отырған барлық команда мүшелеріне жеңіс тілеймін. Бұл игі шара Ел тәуелсіздінің 25 жылдығы аясында және 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында өткізіліп отыр. Сол себептен барлығымызды достық біріктіріп, бейбітшілік пен ауызбірішілікте салтанатты ғұмыр кешейік, - деген облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева өңірде кәсіподақ ұйымдары арасында алғаш рет жарысты ұйымдастырған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабековке алғысын білдірді.
Маңғыстау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ұйымының төрайымы Тарбия Баймбетованың айтуынша, жарыста білім басқармасының намысын кәсіподақ мүшелерінен жасақталған үш команда қорғайтын болады. Команда мүшелері жүлделі орыннан көріну үшін мықты дайындықпен келгендерін айтады.
- Облыс көлемінде кәсіподақ ұйымдары арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыстың жалғасы болады деп сенеміз. Бiр уақыт күнделiктi жұмыстан бөлек, спорт алаңында бойыңды ширатып, шынықсаң, жұмысқа деген талпынысың күшейiп, күш жiгерiң артатыны белгілі, сондықтан да осы істің басында жүрген азаматтарға алғысымды білдіргіміз келеді. Бұл жарысқа үлкен дайындықпен келдік, жүлделі орыннан көрінеміз деген сенімдеміз. Жарыс қатысушыларының барлығына сәттілік тілеймін, - дейді Тарбия Баймбетова.
Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимыл мен шеберлiктi талап ететін жарыстың қорытындысында бірінші орынды өңірдегі ірі өндіріс ошағы-«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мекемесінің кәсіподақ ұйымы еншілеп, 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болып, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орыннан мұнайшылар қаласынан келген «Өзенмұнайгаз» АҚ мекемесі көрінсе (70 мың теңге), үшінші орынға Маңғыстау гуманитарлық колледжінің кәсіподақ ұйымы (50 мың теңге) тұрақтады.
- Жарысқа қатысуға ниет білдірген командалар көп болды. Жарыстың бір ерекшелігі-әр команда 3 ұл мен 3 қыздан жасақталып, бақтарын сынады. Жарысымыз екі секция бойынша «Ақтау» ойын-сауық кешенінде және «Мұнайшы» спорт кешенінде өтті. Жарыс жеңімпаздарына облыс әкімі А. Айдарбаев пен облыстық кәсіподақтар орталығының арнайы дайындаған кубок, медальдарі мен ақшалай сыйлықтары табысталды. Жалпы бұл алдағы уақытта өтетін шараларымыздың басы ғана. Кәсіподақ ұйымының мүшелерін әлі талай қызықтар күтіп тұр, - дейді облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков.
Қ. Жанабековтың айтуынша, алдағы уақытта кәсіподақ ұйымының беделін көтеру мақсатында ұйым мүшелерінің қатысуымен «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойыны мен танымдық-өлкетану экспедициясы ұйымдастырылмақ.
Венера МИРЛАН