©
Талдықорган қаласында самбо күресінен КСРО-ның спорт шебері Нұржан Жармұхамбетовты еске алуға арналған турнир мәресіне жетті. 2000-2001 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен дәстүрлі республикалық турнирге 500-ге жуық балуан қатысты. Боз кілемнің шаңын қаққан балуандардың ішінен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің балуандары Нұрбек Қуанышұлы (55 келі салмақта) мен Нұржас Қуандық (50 келі салмақта) алтыннан алқа тағып, облыс мерейін өсірді. Сондай-ақ 50 келі салмақта белдескен Жыңғылды ауылының балуаны Бекзат Бергенқұл қола медальді иеленді. Жарысқа балуандары облысқа белгілі бапкерлер Берік Жұмағалиев, Ерлан Серіков, Жомарт Қобыланов дайындады.
-Жалпы жарысқа біздің облыстан 7 спортшы қатысты. Олардың арасынан үш балуанымыз жеңіс тұғырынан көрініп, аймаққа жүлдемен оралды. Жарыстың алғашқы күні боз кілемге шыққан Нұрбек бес белдесу өткізіп, жартылай финалда атыраулық балуанның жауырынын жер иіскетті. Ақтық сында Оңтүстік Қазақстанның балуанын айқын басымдылықпен ұтып, алтынды иеленді. Жарыстың чемпионы атанған Нұрбек Қуанышұлы мен Нұржас Қуандық ағымдағы жылдың шілде айында Саха елінде (Якутия) өтетін «Азия балалары ойындарына» жолдама алды. Мұның өзі үлкен жетістік,-дейді ҚР еңбек сіңірген бапкері Берік Жұмағалиев.
Венера МИРЛАН