Жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатырған «Қазақстан барысы» жобасы 4 кезеңді қамтиды. Ауылдардан анықталған күрескер палунадарды қалалық, аудандық кезең арқылы анықтап, облысқа жолдама берсе, облыстан озық көрінген палуан «Қазақстан барысына» қатысады. 22 сәуір күні аудан орталығындағы спорт кешенінде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, аудан әкімдігінің демеушілігімен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 80 келі салмақтан жоғары дәрежедегі палуандар арасында «Түпқараған барысы» анықталды.
«Қара Бура» - Балтаев Құрмаш, «Арыстан» - Дүйсенбек Жолдиев, «Ер Қосай» - Жарас Саудабай, «Ақкетік арланы» - Жасұлан Таңатов, «Бәйімбет» - Асылбек Махмудұлы, «Қабылан» - Сапармұрат Нұрмағанбетов, «Қаржау» - Ержан Шаңытбаев, «Сүгірәлі» - Орынғали Үсенбаев, «Ақшұқыр арланы» - Қайрат Серікұлы, «Тарлан» - Асылбек Әлпішов, «Қырықмылтық» - Оразалы Төлеев, «Адай» лақап аттарымен Сисенбек Селбаев сынды жоғары салмақ дәрежесіндегі аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда да танылып жүрген 12 үздік палуандар «Түпқараған барысы» атағымен алтын белбеу және 100 мың теңгелік ақшалай сыйлыққа бақ сынады. 12 палуан арасынан III-орын иеленген «Қырықмылтық» лақап атындағы Оразалы Төлеев, II-орынды иеленген «Қабылан» лақап атындағы Сапармұрат Нұрмағанбетов болса, 3 жыл қатарынан «Түпқараған барысы» атағын бермей келе жатырған палуан «Ақкетік арланы» лақап атындағы 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Жасұлан Таңатов I-орын иеленіп, қайтадан «Түпқараған барысы» атағын жеңіп алып, облысқа жолдама алды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА