Бүгін маңғыстаулықтар еркін күрестен әлем чемпионатында қола жүлде алған Камиль Куруглиевті әуежайдан күтіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Венгрия астанасы Будапештте өткен жарыста Камиль 92 келі салмақта сынға түсті.
"Камильдің алғашқы жекпе-жегі украиндық балуанмен болды, нәтижесінде 10:0 есеппен жеңіске жетті. Екінші жекпе-жекте грузин балуанынан басым түсті. Ал үшінші жекпе-жегінде үндістандық балуанмен белдесіп, жеңіске жетті. Соңғы жекпе-жекте Ресейдің балуанына есе жіберді. Үшінші орын үшін күресте ол америкалық спортшыны 6:0 есебімен жеңді", - дейді еркін күрестен Маңғыстау облыстық олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бас жаттықтырушысы Роман Ахмедханов.
Байрақты бәсекеде 150 елдің спортшылары бақ сынады. Ал Қазақстаннан 10 спортшы ел намысын қорғауға барды. 19 шілде күні басталған еркін күрестен әлем чемпионаты ертең аяқталады.
Еске сала кетейік, 2005 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында спортшының әкесі әрі бапкері Магомед Куруглиев те қола жүлдені қанжығаға байлаған еді. Осы жеңісті 16 жылдан соң ұлы Камиль Куруглиев қайталап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН