Маңғыстаулық балуандар жеңіс тұғырында
[ 2016 ] 18 сәуір, 13:31 | Спорт
Сәуір айының 16-17 аралығында Ақтөбе қаласында жекпе-жектен Қазақстан Республикасының кубогі сарапқа салынды. Дүбірлі додада маңғыстаулық балуандар Нұркен Домбаев (55 келі салмақта) алтыннан алқа тақса, Айболат Мұратұлы (100 келі салмақта) мен Батырбек Орынбасаров (75 салмақта) үшінші орынды иеленіп, қола медальдің иегерлері атанды.
- Жарысқа еліміздің барлық аймағынан 200-ге жуық балуан қатысты. Облысымыздың намысын тоғыз балуан қорғады, оның үшеуі жүлделі орынды иеленіп, қоржынымызды бір алтын, екі қола медальдармен толықтырды. Жарыстың қорытындысында командалық есепте бірінші орынды-ақтөбеліктер, екінші орынды-қостанайлықтар еншілесе, үшінші орынға-біздің команда тұрақтады. Оның өзі үлкен жетістік. Жалпы қазіргі таңда мен 200-ден астам спортшыларды жекпе-жектен жаттықтырып жүрмін, -дейді облыстың жекпе-жектен аға жаттықтырушысы Арман Әбілда.
Бұған дейін балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің қос балуаны-Айболат пен Нұркен Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел біріншілігінде топ жарып, ҚР-ның чемпионы атанған болатын. Жүректі балуандар ағымдағы жылы өтетін Азия, Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.
Венера МИРЛАН
1087
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.