Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған мектеп пен колледж оқушылары арасында VІІІ жазғы спартакиада жалғасуда. Осы спорттық шара аясында дзюдо күресінен жарыс балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде өтті. Оған 1999-2000 жылы туған 70-тен астам ұлдар мен қыздар қатысып, боз кілемде белдесті.
Шараның салтанатты ашылуына аймақтық дене тәрбиесі орталығы директорының орынбасары Жасұлан Дүйсенов, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
Аймақтық дене тәрбиесі орталығы директорының орынбасары Ж. Дүйсеновтің айтуынша, биылғы спартакиада спорттың 32 түрінен өткізілуде. Оған облыс бойынша 3500 жас қатысуда.
- Олардың арасынан 400 жас іріктеліп, республикалық жарысқа жолдама алатын болады. Жарыстан жеңімпаз атанғандардан облыстың құрамасы жасақталып, олар Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Өскемен қалаларында өтетін республикалық спартакиадада бақтарын сынайды. Бүгін осы спорт мектебінің залында дзюдодан, ертең самбодан іріктеу өтеді. Дзюдодан ұлдар 9 салмақ, қыздар 8 салмақ дәрежесінде бақтарын сынайтын болады , - дейді Жасұлан Дүйсенов.
Жарыста 52 салмақта боз кілемге шығатын Даянаға қолдау көрсетуге ата-анасы мен бауырлары арнайы келіпті. Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген Даяна да жеңімпаздар қатарынан көрінетініне сенімді.
- Маған қолдау көрсетіп, арнайы келіп отырған ата-анамның үмітін ақтау үшін, жарысқа дайындаған бапкерім Жомарт Қобыланов ағайымның сенімінен шығу үшін бүгінгі жарыста барымды салып күресетін боламын. Жалпы дзюдоға қатысып жүргеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, осы жарыстан чемпион атанып, облыстың құрамасында аймақтың намысын республикалық жарыстарда қорғағым келеді, - дейді Даяна Елесбекова.
Венера МИРЛАН