Ақтауда алғаш рет кәсіподақтар ұйымы арасында волейболдан жарыс өтеді. Жарысқа өңірдегі ірі өндіріс мекемелері, денсаулық сақтау, білім басқармалары, темір жол саласы, коммунальдық мекемелердегі кәсіподақ ұйымдарынан жасақталған 20-дан астам команда қатысады деп күтілуде.
- 23 сәуір күні кәсіподақ ұйымдарының арасында волейболдан жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Жарысқа қатысуға ниет білдірген командалар көп. Бір ерекшелігі-әр команда 3 ұл мен 3 қыздан жасақталып, бақтарын сынайтын болады. Жұмысшыларды спортпен айналысуға шақырып, салауатты өмір салтын сақтауды насихаттап, үздіктерді анықтамақшымыз. Бұл алдағы уақытта өтетін шараларымыздың басы ғана. Кәсіподақ ұйымының мүшелерін әлі талай қызықтар күтіп тұр, - дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ «Келешек» жас мамандар кеңесінің төрағасы Данияр Оралов.
Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабековтың айтуынша, алдағы уақытта кәсіподақ ұйымының беделін көтеру мақсатында ұйым мүшелерінің қатысуымен «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойыны мен танымдық-өлкетану экспедициясы ұйымдастырылмақ.
Венера МИРЛАН