Ақтаудағы «Достық үйінің» баспасөз клубы алаңында облыс орталығы мен аудан-аймақтарда спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерін қалпына келтіру жөнінде брифинг өтті. Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған брифингте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауы аясында жалпы ұлттық жоспардың спорт саласы бағытында көрсетілген мәселелер қамтылды.
Баспасөз мәжілісінде спорттық мектептер мен клубтардың директорлары спорт саласын бойынша өңірде өнімді жұмыстар іске асырылып жатқанын, ашылған спорттық секциялардың спортпен шұғылданушылар қатарын арттыруға зор ықпалын тигізіп отырғанын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1-қыркүйегіндегі «Жалпы ұлттық іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында атап өтілген қалалар мен ауылдық жерлерде спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалыпқа келтіру бағыты бойынша облыс аумағында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекеновтің айтуынша, 2020-2021 оқу жылында аталмыш спорт мектебінде 8 бөлім – баскетбол, волейбол, дзюдо, жекпе-жек сайысы, самбо және көркем гимнастика, таэквондо, спорттық гимнастика бөлімдері бойынша 1000-ға жуық спортшы тіркелген екен. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы бойынша спорт мектебінің 10 филиалы жұмыс істеп тұр. Ауылдарда 400-ге жуық спортшы жаттығу сабақтарына қатысады.
«Биылғы оқу жылында «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Бейнеу ауданында, Жаңаөзен қаласында самбо бөлімі, Шайыр ауылынан волейбол, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, таэквондо спорт бөлімдері ашылды. 2021-2025 жылдар аралығында спортты одан әрі насихаттау мақсатында Маңғыстау облысының ауылдық жерлерінде – Түпқараған ауданының Сайын, Ақшұқыр ауылдарында, Мұнайлы ауданының Баянды, Дәулет, Қызылтөбе, Атамекен ауылдарында, Қарақия ауданының Сенек, Құланды, Болашақ ауылдарында спорт түрлері бойынша филиалдар ашып, қосымша штат санын көбейту жоспарымызда бар. Осылайша ауыл балалары мен жасөспірімдерінің спорттық сауатын ашып қана қоймай, әртүрлі спорт түрлеріне бейімдеу арқылы облыстың, тіпті еліміздің даңқын әлемдік спорт ареналарында қорғауды мақсат етеміз. Жалпы алдағы уақытта қатысушының санын емес, сапасын арттыру арқылы ауыл балаларының арасынан чемпиондар санын көбейтуді көздейміз. «Спорт – денсаулық кепілі» ұранын ұстанған еліміздің ертеңі жаны сау ұрпақтың қолында. Дені сау ұрпақты тәрбиелеу, алға жетелеу, шыңдау – біздің тікелей міндетіміз. Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мектебі өз мақсатын орындап келеді, жылдан жылға белестерді бағындырып, ел мерейін үстем етер спортшы дайындауға аса мән береді», - дейді Манарбек Бисекенов.
«Президент жолдауын басты назарға ала отырып, облыста және аудан-аймақта, ауылдық жерлерде спорт саласын дамытуды, бұған дейін болмаған спорт түрлерін ашып, онымен айналысушылар санын арттыруды мақсат етеміз. Биыл облыс бойынша 30 спорт түрінен 60 секция ашу жоспарланады. Жалпы өңірдің спорт саласындағы жетістіктері де, алға қойған жоспарлары да аз емес. Ауыл-аймақтарда жыл сайын жаңа спорттық секциялар мен үйірмелер ашылуда. Ал өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстар жайына келер болсақ, пандемия жағдайына байланысты бірқатар жоспарланған олимпиадалар мен чемпионаттар саны қысқарды. Дегенмен өткізілетін жарыстар бар, бұл шаралар арнайы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы мамандарының рұқсаты негізінде, барлық карантиндік талаптарды сақтай отыра өткізілетін болады», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Қанат Жұмабаев.
Айта кетсек, облыс аумағында жұмыс істейтін спорттық секциялар мен балалар үйірмелері туралы халыққа толыққанды ақпарат беру үшін Call-орталық ашу да жоспарланған. Басқарма басшысының айтуынша, бірыңғай желі алдағы уақытта облыс тұрғындарының спорт саласына қатысты сауалдарына жауап береді. Қазіргі уақытта Call-орталықты қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жайық НАҒЫМАШ