Бокстан Қазақстан құрамасы АҚШ-тың Майами қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
5 қаңтар күні спортшылар АҚШ-қа ұшып кеткен болатын. Оларды команда бапкері Марат Жәкиев бастап барды. Қазіргі таңда спортшылар жалпы дене жаттығуларына көңіл бөліп, қарқынды дайындық жүргізуде.
Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың айтуынша, пандемия кезінде жаттығу жиындары тоқтап қалды. Сондықтан спортшылар арнайы дайындық кестесі бойынша жаттығатын болады. Жаттығу жиынынан соң кәсіби бокста спаррингтік кездесулер өтеді.
Еске сала кетейік, оқу-жаттығу жиынына барған боксшылар қатарында Василий Левит, Зәкір Сафиуллин, Бекзат Нұрдәулетов, Қамшыбек Қоңқабаев, Айболды Дәуренұлы бар.
«Біз қазір Майами қаласындағы оқу-жаттығу жиынын бастап кеттік. Жаттығу жиыны 30 қаңтарға дейін жалғасады. Бұл дайындықтың барлығы биыл өтетін Олимпиада ойындарына арналған. Ерік-жігерді жинақтауға, дене жаттығуларын тиянақты орындауға бағытталған. Ал келесі айдан бастап кездесулер басталады. Әзірге тек ғана дайындық», - дейді Бекзат Нұрдәулетов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА