Бокстан Ұлттық құраманың мүшесі Бекзат Нұрдәулетов отандастарды коронавирус індетінен сақтанып, қорғану үшін үйде отыруға кеңес берді. Ол mangystaumedia.kz сайтына берген сұхбатында бос уақытын тиімді пайдалану және биыл өтпейтін Токио Олимпиадасы туралы ой бөлісті.
– Карантин кезінде уақытыңызды қалай тиімді пайдаланып жүрсіз?
– Үйде жаттығуымды үзбей жалғастырудамын. Оқығым келіп жүрген кітаптарды оқып, ағылшын тілін үйреніп жүрмін.
– Бекзат, 2020 жылы Токио Олимпиадасының өтпей қалғанына өкініш жоқ па?
– Әрине, өкініш бар. Халықаралық Олимпиада Комитеті мен Жапония Үкіметі Токио – 2020 Олимпиадасын келесі жылға ауыстырды. Бұл спортшылардың қауіпсіздігі үшін дұрыс шешім деп ойлаймын. Бір жағынан біз секілді спортшылардың үйде отырғаны қиындау болды. Дегенмен біз жарыста және оқу-жаттығу жиынында, дайындықта көп боламыз. Бірақ бәріне де көнеді екенсің!
Қолына былғары қолғап киіп, бокс залына қадам басқан кез келген боксшының арманы Олимпиада ойындарына қатысып, өзінің бағын, бәсекесі жоғары додада сынап көру. Бұл менің Жаңаөзендегі алғашқы бокс секциясына қатысып жүрген кезімдегі арманым еді. Наурыз айында Иорданияның Амман қаласында өткен іріктеу турнирінде топ жарып, Аллаға шүкір, Қазақтың Әнұранын орындатып, Олимпиада ойындарына жолдамасына ие болдым.
Алдағы уақытта еңбектеніп, тыңғылықты дайындалып Токио Олимпиадасында барымды салатын боламын.
– Маңғыстауда №1 спорт түрі бокс екенін білесіз. Жанкүйерлеріңе айтар тілегіңіз?
– Жерлестіріме айтарым, коронавирус індетіне бей-жай қарамай, жауапкершілікпен мән бергеніміз дұрыс. Осыған орай ағайын, бауырларыма үйде бос отырмай спортпен шұғылданыңыз деп айтқым келеді. Дәл қазір кімге болса да оңай емес, биыл өтуі тиіс Токио олимпиадасы да кейінге қалды. Індеттің кесірінен жарыстар өтпей, спорт залдары уақытша бос тұр. Осы бір ауыр да қиын күндер артта қалып, бокс қолғабын қайта киіп спортқа ораламыз.
Бұл қиыншылықты да бірге жеңеміз!
Айта кетейік, Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) Токио Олимпиада ойындарына Маңғыстау облысынан жолдамаға ие болған жалғыз спортшы.
Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ