©
Абыл, Есір, Есбай, Қоңыр, Құлшар, Өскінбай сынды Маңғыстау күйшілік мектебінің қаймағын бұзбай сақтап қалған мұрагерлердің қатары көп. Соның ішінде Өскінбай бастаған көштің тізгінін ұлы Мұрат жалғастырса, Мұраттан кейін жалғастырған шәкірттерінің бірі күйші Мырзағұл Панаевты айтуға болады. Мырзағұл Панаев 1929 жылы 27-ші ақпанда Маңғыстау облысы Бөрліген деген жерде дүниеге келген. Мырзағұл Панаев Адайдың Жаңай ауылының, соның ішінде Қожаназар атаның Шонты деген баласынан тараған ұрпақ. Мырзағұлдың әкесі Пана Азанғұлұлы – кезіндегі бес саусағынан бал тамған қол өнер шебері, сонымен қатар аса белгілі болмағанмен өзіндік орындаушылық өнері бар күйші болған. Мырзағұл Пананың отбасындағы үйдің ең кенжесі. Анасы Әдеміхан – Адайға белгілі «бай, мырза» атанған Жәдігер Майлаштың Көшерінің қызы. Оның ағасы Қалдаяқ Панаев әке жолын жалғаған қол өнер шеберлігімен қатар, аты алашқа мәлім әнші, жыршы, күйші болды. Ол атақты жыраулар Сүгір Бегендікұлы, Ұзақбай Қазжанұлы, Мұрат Өскінбаевтармен татулық, достық қатынаста болған. Мырзағұлдың ерте оянуына әсерін тигізген әкесі мен ағасының өнері болса керек, ол бала кезден бастап домбыра тартуға әуестенген. Оның алғашқы ұстазы ағасы Қалдаяқ Панаев болса, кейін әйгілі күйші-композиторлар Шамғұл Ыбырайымұлы мен Мұрат Өскінбаевтан көптеген күйлер күй үйренді. 1933 жылы Мырзағұлдың анасы Әдеміхан қайтыс болған соң, Пана отбасылық жағдайға байланысты Түркменстанның Красноводск қаласына көшіп келеді. 1936 жылы Мырзағұл сол Красноводскдегі № 6-шы орта мектеп табалдырығын аттап, 1943 жылы 7 сыныпты бітіріп шығады. Соғыс зардабынан әрі қарай жалғастыра алмайды. Он бес жастан бастап, 1943-46 жылдары аралығында Түрікменстанның Шағадам қаласында кеме жөндеу зауытында алғашқы еңбек жолын бастайды. Осы кезде моторист, токарь, слесарь қызметтерін атқарады. 1945 жылы Мырзағұлға өте ауыр кезең болады. Біріншіден ағасы соғыстан жараланып келсе, екіншісі әкесі Пана Азанғұлұлы қайтыс болады. Осы жылы ол оған қарамастан күйші Мұрат Өскінбаевпен танысып, кейін аға өнеріне дендеп көңіл қоя бастайды. Одан күйлер үйреніп, концерттерде өнер көрсетіп жүрді. 1948 жылы Шағадамдағы мұнай айдау зауытында «бас механик бөлімінің кезекші слесарі» қызметін атқарады. Зауытта қызмет етіп жүрген кезінде, мәдени-вагондар мен қызыл отаулардағы көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысып, темір жол бойындағы қызметкерлерге барып, ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, концерттер беріп жүрді. Осы жылдан бастап Мұрат Өскінбаевтың қасына еріп, одан Есірдің «Ақжарма», «Күнтай», Өскінбайдың «Бұлбұл ақжелең» күйлерін үйреніп орындай бастайды. Мұрат Мырзағұл інісін бірден бауырына тартып, сонымен қатар Құлшар, Қоңыр, Қартбай, Есбай сынды күйші-композиторлардың күйлерін үйретеді. 1952 жылы № 335-ші Мемлекеттік Одақтық зауытында №3-ші цехінде «4-ші дәрежелі операторы» боп қызмет атқарады. 1954-57 жылдары аралығында № 175 С. М. Киров атындағы зауытта «3-ші дәрежелі жер қызметкері», «кочегар» міндеттерін атқарады. 1954 жылы Шағадам қаласындағы Мұнай өңдеу зауытында «кочегар» міндетін атқара бастады. Осы жылы туған жерге келіп жүрген сапарларының бірінде, Тигеннен шыққан аты аңызға айналған Исатай батырдың немере қарындасы Қағаз Сүйеубаевамен тағдырын қосады. Осыдан кейін өміріне одан әрі қарай өзгеше мән кіре бастағандай – асау арман, албырт жастық алысқа сүйреді де тұрды. Осылайша арман қанатында шарықтауды аңсаған жас жұбайлар белді бекем буып, осы жылы Алматыдан бір-ақ шыққан. 1957 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемдік кеңесінің комиссия мүшелері Шамғон Қажығалиев, қазақ көркем сөз шебері, кейін эстрада студиясының директоры болған Гүлжиһан Қалиева сынды өнер майталмандардың алдында, атақты күйші композиторлар Есір Айшуақұлының «Ақжарма» күйі мен Өскінбай Қалмамбетұлының «Бұлбұл ақжелең» күйін орындап, сынағынан абыроймен өтіп, қызметке қабылданады. Әрине, бұл кезде Мырағұлдың арнаулы білімі болмаса да, бойға біткен табиғи таланттарымен халық өнерін көрсете білді. 1960 жылы жаңа ашылған «Қазақконцерт» бірлестігінде «солист» боп жұмыс жасады. Осы ұжыммен бірге талай гострольдік сапарларға шығып, көп жерлерді аралап өнер көрсетеді. 1966 жылы 9 мамырда Маңғыстау ауданының «Қызыл өзен» совхозында Жеңіс күніне орай өткен концертте Мырзағұл ел өнер көрсетті. Сахнаға Мырзағұлдың шығуын күтіп отырғандар, қол шапалақтап қарсы алды. Сол кезде ол Есірдің «Ақжарма», Өскінбайдың «Бұлбұл ақжелең», Мұрат ағасының «Жеңіс» күйлерін желпінтті. Ол он саусағының өнерін әбден көрсетті. Оны көрермендер сахнадан жібермей қойды. Көрермендер арасынан «Мырзағұл! Жігіт екенсің. Күй тартсаң, осылайша сілте» деген дауыстар шығып жатты. Сол сияқты Мырзағұл 1971 жылы Ақтөбе облысы «Кеңесту» совхозының Темір совхоз техникумының еңбекшілері алдында өнер көрсетеді. Осы іс шараға атсалысқан үшін мақтау грамотасымен марапатталады. 1967 жылы СССР мәдениет министрі Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығына орай, өнер жолындағы жемісті еңбегі үшін Мырзағұлды «Құрмет грамотасымен» марапаттайды. 1977 жылдан бастап жасының ұлғаюына байланысты Алматы қаласындағы ауыр машина жасау зауытына ауысып кетеді. Бірақ, ешқашан домбырадан қол үзбейді. Әркез өзі білетін күйлерін телеарналар және радиолар арқылы халыққа жеткізіп отырады. 1980-шы жылдары Мырзағұл зейнеткерлікке шыққан соң, туған жері Маңғыстауға келіп, Ақтау қаласына орналасты. https://youtu.be/xs-syKjzi-c 1998 жылы күйші Мырзағұл Панаев Алматы қаласында дүниеден өтті. Мырзекең - артына мұра қалдырмаса да, атадан қалған аманатты арқалап, келер ұрпаққа ұлағатты үлгі көрсеткен үлкен тұлға. Оның «Дарын иесі», «Ұзақбайдың жырларын талай тыңдап едім», «Алшекем Алматыға келгенде», «Бір тойда Сүгірмен кездесуім» атты мақалалары 90-шы жылдары жергілікті «Маңғыстау» газеттерінің беттерінде жарық көрген. Мырзағұл бұл мақалаларда өлкеміздегі ұлы тұлғаларды көргенін баяндаған. Қазір Мырзағұлдан қалған жалғыз жәдігер – оның домбырасы мен орындауындағы күйлерінің аудиожазбалары. Домбырасы қазіргі таңда Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану мұражайында сақталған болса, орындауындағы күйлері аудиожазбалары «Қазақ» радиосының «Алтын» қорында сақтаулы тұр. Қазіргі таңда Мырзағұл Панаевтың домбырадағы орындаушылық қолтаңбасын айнытпай насихаттап жүрген елімізге белгілі жыршы Мақсат Қаналыұлы Аяпов. 1986 жылы атақты қазанғаптанушы, күйші Сәдуақас Балмағамбетовтың ғылыми жетекшілігімен, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі Әлия Қожағұлова «Халық орындаушысы Мырзағұл Панаев және оның орындаушылық дәстүрі» деген тақырыпта көлемді дипломдық жұмыс қорғаған. Бұл еңбек жасалғанмен, қазіргі кезде қоғамда Мырзағұл Панаевтың жоқтаушысы болмаған соң оның есімі мен ерліктері күннен-күнге тасада қалып бара жатыр. Биыл күйші Мырзағұл Панаевтың туғанына - 90 жыл. Бұл айтулы мерекені жергілікті әкімдіктер қолдап, демеу беріп, мәдени ошақтары және оның бұрынғы өзінің еңбек еткен Алматыдағы Жамбыл атындағы филармониясы мен қазіргі таңда Астана қаламызда орналасқан «Қазақконцерт» бірлестігі Мырзағұлды халыққа таныстырып, насихаттау мақсатында іс шараларды қолға алса екен дейміз.МАРАТ НУРЕТДИНОВ,
дәстүрлі өнер зерттеуші