Ән – адам жанының күйі. Рухани тыныштықты қалыптастыратын күш. Әуен арқылы адам психикасына әсер етуге болады. Жан рахатын әдемі әннен іздейтіндер жетерлік. Адамның моральдық көңіл-күйін тыңдаған әуеніне қарай топшылауға болады. Халықтың арасында қоңыр дауысымен жалғап жүрген Маңғыстау өнерпазына барша қазақ тәнті. Жан тебіренісін сөз бен сазға біріктірген әншіні ұйып тыңдамау мүмкін емес. Дархан дала тұрғындары Әбіл Жұмағалиевтың бар болмысымен қабылдаған. Әбіл ағамыздың әр әнінен бір тағдыр іздейді. Жұрт сұлу сөз бен әуезді әнді адаспай табатын әншінің талғамын жоғары бағалайды. Осынау оның үлкенді-кішілі сахна төрінде ән шырқағалы елу жылға жуық уақыт ішінде Әбіл ағамыз туралы, көп айтылды, көп жазылды, көгілдір экран көзден таса қылған жоқ. Атақты әншінің айтылмаған сыры, жазылмаған жыры жоқ секілді. Мен де Әбіл Жұмағалиев ағама арнап «Өңірдің өнерлі ұлы» атты мақала жазуды жөн көрдім. Бұл күндері де, өткен күндер елестері қағаз бетіне жетеледі. Жыл асқан сайын өткен өмір естеліктері адамға ерекше ыстық болады екен. Әбіл Жұмағалиев 1947 жылы сәуір айында дүниеге келген. Алғашқы мектеп табылдырығын Қарашағыр Түрлен жерінде бастап, кейіннен Тұщықұдық жерінде Айдар Ишан мешіт мектебінде кейінгі қазіргі С.Жанғабылов мектебінде жалғастырды. Жас кезінен музыкаға әуестеніп, мектепте ән айтып, оркестер үйірмесіне қатысты. Жеті сыныпты бітірген соң он төрт жасында Атырау қаласында музыка училищесінде оқып, туған жерге келіп, мәдениет саласыда жұмыс жасады. 1973-1975 жылдары Алматы эстрадалық колледжінде Қазақстан Республикалық профессор Бекен Жылысбаевтан әншілік шеберлігін шыңдады. «Қазақ концертте» Тараз қаласында, Маңғыстау облыстық филормониясында жұмыс жасады. 1977 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық мәдениет үйінде қызметін жалғастыруда. Әбіл Жұмағалиевтің орындаған әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Сазгердің әндері тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Әбіл Жұмағалиевтың шығармаларының басты тақырыбы. Әбіл Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткер, Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы», Шебір ауылының «Құрметті азаматы», 1978 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінің күміс жүлдегері, бірінші және екінші Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдерінің лауреаты, облыстық деңгейде әр жылдарда өткен 33 байқаудың жүлдегері атанды. Сондай-ақ 1986 жылы Ғ.Құрманғалиев атындағы аймақтық әншілер байқауының лауреаты, 1996 жылғы Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық әншілер байқауының лауреаты, 2002-2004 жылдары Алматыда өткен Майра Уәлиқызы атындағы халықаралық әншілер конкурсының екі рет дипломанты болды. Тәуелсіздік 10 жылдық медальімен және Маңғыстау облысының 40 жылдығы медалімен марапатталып, ВДНХ-ның күміс медалінің игері атанды. 2017 жылы 70 жас мерейтойы мен мәдениет саласындағы 50 жыл қызметіне арналып, облыс орталығында «Өнерімен өнернектелген өмір» атты шығармашылық кешін өткізді. Әбіл Жұмағалиевтың халықаралық мәдениет, өнер саласына қосқан үлесі зор екендігін айта кетуіміз керек. Оған дәлел ретінде шет елде болған іс-сапаларын айтуға болады. 1980 жылы Әбіл "Отпан" фольклорлық ансамбілін бастап Венгрияға барып қайтты. Мұнда ансамбль Венгрияның Шаторльяухей қаласында өтіп тұратын «Земплен» фольклорлық және би фестивалінде Қазақстаннан тұңғыш рет қатысып келді. Концерт бағдарламасында неміс композиторы Иоганнес Брамстың «Венгр билерін» шеберлікпен орындалған еді, Әбіл ағамыз «Венгр билерінің» музыкасына домбырамен үн қосты. Ол 2015 жылы «Қаражамбасмұнайгаз» ашық акционерлік қоғамының жолдамасымен бір топ мәдениет қызметкерлері болып Қытай Халық Республикасында болып қайтты. Сонда ол Пекин Шанхай ұлттық консерваторияларында болып, «Аспан асты елінің» музыкасымен танысты. Әбіл Жұмағалиев әнші, домбырашы ғана емес, елге мәлім актер. «Тас-талқан», «Жаяу Муса», «Жаралы гүлдер», «Ақбөбек», «Кәусар», «Біздің Ғани», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Қолға түскен шайтандар», «Сырласу», «Еңлік-Кебек», «Кімнің тойы» пьесаларында негізінен басты рольдерді сомдап, көрермендер көңілінен берік орын алды. Қазақтың классикалық ән өнерінде өзіндік үні мен сара жолы бар, халықтың осынау бекзат өнеріне ерекше адалдығымен, даралығымен танылған асыл өнерпаз Әбіл аға биыл 72 жасқа аяқ басты. Әбіл ағамыз - бұл күнде үш ұл, үш қыздан он беске жуық немере сүйіп отырған бақытты шаңырақтың иесі. Ал оның әнмен жазылған өмірбаяны ортаймай ойдан қырға әуелеп, әуендетіп барады…
Ш.Есенов атындағы КМТИУ «Компьютерлік инжиниринг» кафедрасының оқытушысы Д. Басшықызы
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН