Өнер - қасиетті дүние. Ал ел ішіндегі өнердің құдіретін алтынға теңесек, қателеспейміз. Қазақ халқының өзінің сан алуан тәжірибесін жинақтап, кейінгі ұрпаққа қалдырып келе жатқан ұлттық өнердің көптеген түрі және өзіндік ерекшеліктері мен үлгілері бар екені белгілі. Жаңаөзен қаласының №7 орта мектебінде «Өнерлі болғым келеді» атты 10 және 11 сынып оқушылары арасында кездесу кеші өтті. Кештің мақсаты оқушыларды өнерді сүйе білуге, жыршы-термеші, шертешілерді дәріптеуге, өнер адамдарын құрметтеуге тәрбиелеу, сонымен қатар, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Кеш қонақтары ретінде кездесуге жыршы, шежіреші Қармыс Разбаев, «Асыл Мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, өнер студиясының директоры, ҚР авторлар қоғамының мүшесі, ҚР Мәдениет сласының үздігі, сазгер Қаракөз Кемерова, облыстық жəне республикалық жыр мүшəйраларының жеңімпазы Əли Тілеген шақырылды. Жиынның «Мен өнерді сүйемін» атты бөлімінде қалалық, облыстық, республикалық мәнерлеп оқу сайысының жеңімпазы 10 «А» сынып оқушысы Ақжол Әзірбай, 10 «Б» сынып оқушысы Әсел және Дәмелі Сабирова, 10 «Ә» сынып оқушысы Таңсұлу Құрақбай өз өнерлерін ортаға салып, «Сылқылдақ» биін биледі. Оқушылар кеш қонақтарының өмірбаянымен және жеткен жетістіктерімен таныс болып, көкейінде жүрген ой-пікірлерімен бөлісіп, сұрақтарын қойды.
Дильназ АМАНГЕЛДІ, № 7 орта мектептің 11 сынып оқушысы