Киелі өлкемізге арнайы сапармен ат басын бұратын өнер иелері көп кездеседі. Соңғы уақытта жеке концертімен келген әнші-күйші, ақын- жыршылардың Бекет ата басына барып зиярат жасауы дәстүрге айналып бара жатқандай. Бұны бір жағынан киелі өлкенің 360 әулиесін құрметтеуден туған пейіл деуге болса, екіншіден ұлттық түп тамырымызды тануға бет бұру – рухани жаңғыру көрінісі десек жарасатын шығар. Сондай бір өнерпаз қонағымыз Ажар Сейтенова редакциямызға бас сұғып, оның өнерсапары жайында аз-кем әңгіме құрдық. Дәстүрлі қазақ өнерінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген әнші сазгер Ажар Жүсіпбекқызы әңгімесін өткен күзде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабалар рухына тағзым» атты шығармашылық кешімен Баян өлке аймағына барып, аймақтағы бірнеше сумындарды аралап, мектеп оқушыларымен кездесіп, лекцияконцерттер өткізіп, Моңғолияда тұрып жатқан қазақ бауырларының арасында жеке концертін беріп қайтуынан бастады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан моңғолдық қазақ ақын-жазушылар Омар Қапсаттар, Шынайы Рахмет және түркістандық Нарбай ақын отбасымен бірге арнайы сапарлап Баян өлгийге бүркітшілер тойына қатысуға барған әншінің қазақтар шоғырланған өлкеден алған әсері ерекше болды. Тойдың үстінен шыққан Ажардың атқа отыра алатынын білген ұйымдастырушылар оны бірден Алтай сумының Қанас деген малшы жігітімен қыз қуу додасына қосты да жіберді. Ол жақта қыз қуу ойыны өзгешелеу өтеді екен. Қыз бен жігіт екеуі қатар тұрып, белгі бойынша жарыса жөнеледі екен де, жеңіс бәйгесі сол шабыстан озғанына беріледі екен. Моңғолша үзеңгі мен моңғол үлгісіндегі етік ат үстінде шауып дағдыланбаған Ажарға оңай соқпайды. Олардың қыз қуу дәстүрі бойынша бойжеткен аттың басын бос жіберіп, ердің алдыңғы қасынан ұстап отыруға тиіс, ал шылбыр жігіттің қолында болады. Жолдағы көлденең ордан қарғып өткенде жігіт атынан құлап жығылып, шұбар жорғаға мінген Ажар мәреге бұрын жетеді. Жігіттен озып кеткен Ажардың өңіріне қошеметпен медаль таққан өлгийлік қазақтар мен моңғолдардың жергілікті үкіметі оның Алтай сумындағы мәдениет үйінде өткен концертіне белсенді қатысады. Өзінің «Татулықты құптаймыз» әнімен сахнаға шыққан Ажарға аты әлемге тарап кеткен, Елбасының шақыруымен қазір Қазақстанда оқып жатқан бүркітші қыз Айшолпанды көріп, танысудың сәті түсіп, қазақтың кішкене қара қызымен суретке түсіп, дидарласуға мүмкіндік туады. Тағы бір бүркітші қыз Әйгеріммен Моңғолиядан 11 мың қазақты көшіріп келген Сағат Заханқызының сөзіне жазылған өзінің «Мен қазақтың қызымын» әнін сахнада бірге орындап көпшілік құрметіне бөленеді. Өнерпаз қыздарының өнеріне риза болған моңғолдық қазақтар атынан Өлгий қаласының әмірі Х.Бахытхумар атынан алғыс хатпен марапатталып, М.Құрманхан атындағы Музыкалық драма театрының директоры Б.Асылбектің жеке марапатына, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолиядағы орталық төрағасы О.Хабсаттардың «Естелік хатына» ие болыпты. Баян өлгийдегі қандастарымыз көкпар, түйе жарыс, ат бәйгесі, бүркітшілер сайысын тамашалауға жан-жақтан келген туристерді қарсы алып, оларды қазақтардың тұрмыссалтымен таныстыруға әбден машықтанып алыпты. Сауда да жасай біледі, қонақтардың көңілін көтеріп, танымын кеңейтуге де тырысады. Мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысатын моңғол қазақтарының тұрмыс-күйі жақсы, барлық тағамдарын өздері бағатын мал өнімдерінен даярлап, экологиялық таза ас дәмді пайдаланып отыр. Ата-баба дәстүрімен мал бағып, көшпелі өмір сүретін бауырларымыз дүниежүзілік дағдарыс қысымына қарамай жұмыссыздық қасіретін тарта қоймаған. Қыз-келіншектер негізінен қолөнермен айналысады, арасында аю терісінен киім тігетін ер-азаматтар да бар екен. Саятшылықты кәсіп ететін ерлердің тымағына үкі тағып, беліне мүйіз сапты пышақты қынға салып байлап жүруі көшпенді қазақтардың ұмыт бола бастаған бейнесін шетелдіктердің көз алдында жандандырып, олар естелік суретке түсіп қызықтасып таң-тамаша. Сарлық аталатын мөңіремейтін жабайы сиырлардың еті қаралтым болғанымен, қою, дәмді сүтінен қаймақ, ірімшек, сары май жасап, күнделікті тағам есебінде тұтынатын өлгийліктер қысы-жазы бірқалыпты қоңынан арылмайтын осы бір ғажайып малды қолға ұстап үйретіп бағып, сайын даламен жекеменшік жылқы, қой-ешкілерінің жайымен көшіп қонып жүреді. Көшпелі тұрмыста әлі күнге дейін тері мен жүннің бағасы жоғары. Ешкінің түбіті, сарлық жүні, түйе жүні, қой жүнінен киім тоқитын, тері илейтін зауыттары бар Ұланбатыр жақтағы Дархан деген қаладан әкеліп, саудагерлер құсбегілер тойында арнайы жәрмеңке өткізеді екен. Жергілікті ел арасында қолөнер бұйымдары, әсіресе бүркіт құсы бейнеленген картиналар бағаланатын көрінеді. Ноғай қазақтары тұратын ноғай көшесінде қонақүй, М.Құрманхан атындағы театр, мектеп, мұражай, қала, аймақ әкімшілігі ғимараттары орналасқан. Алматыдан Өскеменге дейін пойызбен, одан ары шағын автокөлікпен 24 сағат жол жүріп барып, бүкіл аймақты аралап қайтқан Ажар ендігі бағытын Маңғыстауға бұруды жоспарлапты. Баян өлгийдің шетелдік туристерді тек тұрмыс-салтымен ғана қызықтырып, қыруар пайда тауып отырғанын естіп, Маңғыстау секілді аспан астындағы мұражайымызды өз дәрежесінде пайдалана алмай отырғанымыз есіме түсті. Ұлттық ойындарды былай қойғанда, киелі жерлеріміздің тарихи орындары мен аңыз-әфсаналары, ерекше табиғат, теңіз т.т. туристердің көз қуанышына айналдыру, «қалауын тапса қар жанады» дегендей, өз кәсіпкерін күтіп жатқан бір үлкен шаруа еді, кейінгі кезде ептеп қолға алынып, туристік сапар бағытының сорабы айқындалып жатқаны көңілге жұбаныш... Бұл оның Ақтауға тұңғыш келуі емес, Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығы тұсында арнайы Ақтау, Жаңаөзен қаласы, Бейнеу ауданындарын аралап, Меруерт Санатқызымен бірге музыка мектептері студенттеріне лекция-концерт беріп кеткен Ажар сол жолғы өнерсапарын Астанадағы Президенттік Мәдениет сарайы орталығында Ғарекеңнің мерейтойына арналған «Әнші дауысы» атты жеке концертімен қорытындылап, мерейтой иесі атындағы алтын медальды қанжығасына байлап еді. Биыл киелі өлкемізге Ғарекеңнің 110 жылдығына орай жеке концертін бермек оймен оралып отыр. Өнер мерекесін бірінші болып бастаған тағы өзі, атыраулықтар ақпан айының басынан әншілер сайысын бастағалы жатыр. Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Қызыл ту ауылында 1972 жылы дүниеге келген Ажар Сейтенова Халел Досмұхаммедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін, одан соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сәуле Жанпейсовадан және Айгүл Қосановадан дәріс алып, халық әндері класын бітірген белгілі әншінің орындауында халық әні «Сарайшық» Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауымен Мәдениет министрлігі шығарған «Қазақтың 1000 әні» антологиясына енді. Ол – 2001 жылы өткен республикалық Мұхит Мералыұлы, 2003 жылы Қаламқас Орашеваның 50 жылдығына арналған «Көмейінде күміс жыр» атты байқауларының лауреаты, Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай өткізілген «Мен ақсұңқар құстың сойы едім» атты жыршы-жыраулар байқауында Құмар Жүсіпов атындағы жүлдені иеленген өнер иесі. 2005 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, 2006 жылы Маңғыстауда өткен халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінде, осы жылы Сәттіғұл Жанғабыловтың 130 жылдығына арналған байқауда, 2007 жылы Астана қаласында өткен Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауында дипломант атанған Ажар кейін сазгерлік қырымен танылып, Төлеген Айбергеновтің «Әуен мен ырғақ», Қадыр Мырза Әлінің «Сырым баба», Дәмелі Құсайынқызының «Әнге айналам», «Ғарифолла», Бекемкүл Батырбекқызының «Бекет ата», «Домбыра», «Ақ баталы ана», «Аяулым» өлеңдеріне әуен шығарды. Бүгінде қазақ радиосынан орындалып жүрген бұл шығармалар Ажарға өнердің тұқым қуалау жолымен берілгенін айғақтаса керек. Сейілхан Құсайынов, Шамғон Қажығалиев пен бірге өскен әкесі Жүсіпбек кезінде консерваторияға шақырылған табиғатынан әнші жан болса, анасы Ақсырға жеменей руынан тарайтын Тәжіғұл Жолдасұлы деген күйші, домбыра жасайтын шебердің қызы еді. Өнер жолында Ажар жалғыз емес, туған апасы Қарлығаш Сейтенова Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінде домбырашы, ұлы Аятолла қылқобызшы, 2011 жылы киелі Түркістан қаласында өткен халықаралық байқаудың лауреаты. Ол Мұхиттың «Айдай», «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай», «Көк Айдай», «Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Ақиіс», «Зәуреш» секілді белгілі әндерімен қоса көп айтылмайтын «Дүние», «Мұхит сал» немесе «Күрең шай» әнін Күріш нұсқасы бойынша орындап елге таратумен бірге әндердің шығу тарихына да көп көңіл бөледі. Оның білуінше, Айдай сөзінің Таңдай, Айдай атты екі қыздың Айдайына қатысты шыққан және Бала Ораз Айдай сөзін даусын ашу үшін қолданған деген екі нұсқасы бар. Мұхиттың «Бала Ораздың әні» деген әнінің болуы, деректерде Ғарекеңнің өзі бала күнінде әнді Мұхиттың немере інілері Шайқы, Шынтас Қаратаевтардан үйренген делінетін пікір олардың жақсы қарым-қатынаста болғанынан хабар береді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Ел-жұрт» журналының тілшісі, Мұхиттың, Ғарифолланың әндерін насихаттап қана қоймай, олардан тараған ұрпақтармен байланысын жалғастырып келе жатқан Ажарды нағыз өнер жолына адал әнші деуге әбден болады. – Қараобада Қошан көл деген жердегі Еңбек ауылында Дина Нұрпейісованың қызы Қоңырдың басына зиярат етіп, оның 76 жастағы ұлы Сұлтан мен домбырашы немересі Құрманғазының тартуында «Әсемқоңырды» естіп, батасын алдым. Қаратөбедегі Мұхит ауылында әнші-сазгердің 165 жылдығында Маңғыстаудың ұлутасынан Мұхитқа кесене салынып, бір топ өнерпаздар жиналып Мұхиттың туған шөбересі, ақын Әсия мен оның қызы Қарлығаш Мұхитованың қатысуымен ән кешін өткіздік. Атырау облысының Махамбет ауданының Таңдай деген ауылында, күйші Қаршыға ағамыздың туған жерінде ұлымыз екеуміз өнер көрсетіп, Алашқа аты белгілі ақын Бала Ораздың басына барып, тәу етіп қайттық, – дейді Ажар. Оның Белоруссияға Минск-Мозырь автошеруімен Жұмағали Қалдығараевтың ұрпақтарымен бірге барып, Ғарифолланың «Сүйген жар» әнін орындап, жеті күн жол жүріп, батырдың рухына тағзым етіп қайтуы – тағы бір үлкен әңгіменің арқауы. Бір айта кететін сөз, Ақтаудан көшіп барған жерлестеріміз жыл сайын жеңіс күнінде Жұмағали батырдың басына гүл шоқтарын қояды екен. Қазақтың жерін қоныстанып, өмірінің бар қызығы – жастығын киелі түбекте өткізген белорус бауырлар Маңғыстау халқының шыжғырған күніндей ыстық ықыласын ұмыта алмай жүрген көрінеді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ