Өңір мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрнияз Мұханұлының 70 жылдық мерейтойына арналған облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауы жақында Ақтау қаласында өтті.
Маңғыстау өлкесіне тән рухани-мәдени құндылықтарды насихаттап, көне музыкалық аспаптарды жаңғырта отырып, фольклорлық ұжымдардың репертуарларын молайту, өнерді дамытуға жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аудару мақсатында өткен фестивальге өңірдің қала, аудан ауылдарындағы таңдаулы ансамбльдер қатысты. Ансамбльдердің репертуары, орындау шеберлігі мен сахна мәдениеті, киім үлгісі, оркестрлік аспаптардың болуы ерекше ескерілген сайыста Жаңаөзен қаласы бас жүлдені иемденсе, Қарақия ауданы, Жетібай өнер мектебінің фольклорлық ансамблі 1-орынды жеңіп алып, енді 45 жылдығын тойлағалы отырған ауданымыздың қуанышын еселеді. Дәл осы фестивальден бір күн бұрын ауданымыз Ақтау қаласында өзінің мәдени күндерін лайықты түрде дүркіретіп өткізгенінен оқырман қауым хабардар болатын. Әрине, кез-келген іс-шараны мәдениетсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда аудандық мәдениет үйінің басшысы Фариза Әлпішті сөзге тартқан едік:
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: WhatsApp енді қара түсті болады- Маңғыстауда халықтық өнердің құны әрқашан басым. Жетібай өнер мектебін жеңісімен құттықтаймын. Жалпы ауданымызда өтетін түрлі мәдени шараларда Жетібай және Құрық өнер мектептері нардың жүгін көтеріп келеді. Сонымен қоса, ауданға қарасты барлық мектептер мен балабақшалардың басшыларына да алғыс айтамын. Мәдени шараларға сол ұжымдардан да өнерпаз қызметкерлер мен оқушыларды қамтитын кездер болады. Сол кезде білім саласы басшылары оларға рұқсатын беріп, өнерді қолдап, аудан абыройын ойлап, ат салысып жатады. Алғысым шексіз, - деп ағынан жарылды өнер ұжымының басшысы.
Иә, өнер – халықтыкі. Өнері өрге жүзген елдің, өркені де өрелі болмақ.
Шынар КЕНДІН