Қаламызда қарт Каспий жағалауы елдерінің II Халықаралық театр фестивалі шамын жақты. Биылғы шара қазақтың кино және театр саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ауқымды өнер әлемі Маңғыстау облысы әкімдігі мен ТҮРКСОЙ-дың бастамасы аясында қолға алынды. Қазақ xалқының ұлы актері рухына құрмет көрсетіліп, Каспий жағалауы елдері театрларының мәдени-рухани ынтымақтастығын арттыруға ықпал етіп, театрлардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру арқылы театр өнерін дамытуға үлес қосу – аламанның басты мақсаты.
Дәстүрлі шараның өткен жылдан ерекшелігі – Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналуында, тағы бір өзгешелік, былтыр 4 елден 4 театр қатысса, биыл Каспий жағалауындағы 5 мемлекеттен 8 театр өз спектакльдерімен саxна түндігін түріп отыр. Бұл шараның маңызы айтулы мәнге ие болғандығын айқындап, аумағының артқандығын көрсетеді. Неге десеңіз, жуырда ғана Каспий жағалауы елдерінің саммиті өтті. Ондағы көтерілген мәселелер алда өз шешімін табар. Сонда сөз болған тағы бір жайт, дүниежүзілік қауымдастық Елбасымыздың көрегенді саясатын мойындағаны баршамызға мәлім. Бұл шара сол саммиттің жалғасы іспетті өнер майталмандарының әлемдік шараға қосқан сүбелі үлесі деп бағалаймыз. Мұнда кәсіби актерлер тәжірибелерін шыңдап қана қоймай, халықтар достығын нығайтуға жол ашады. Тұнып тұрған таланттардан құралған кәсіби театрларға Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы әділ баға беруде. Шараға тікелей мұрындық болған ТҮРКСОЙ басшылығына, фестивальдің өтуіне қолдау білдірген, өнерге деген құрметі үшін облыс әкімі Ералы Тоғжановқа облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина ақжарма алғысын білдірді.
Ақмаржан қалаға өз шеберліктерін, өнерлерін паш етуге Каспий жағалауы және түркі тілдес елдерінің кәсіби және музыкалық драма театрлары шақырылды. Айтар болсақ, Иран елінен Билех Савар Барбод театры, Әзірбайжан мемлекеттік ұлттық академиялық драма театры, Ресейден С.Амутбаев атындағы Мензелин мемлекеттік татар театры, Түрікменстанның Кемине атындағы Мары театры мен Қазақстаннан Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және жергілікті Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұжымдары көпшілікке өнерлерін ұсынбақ.
- Біздің театр мұндай ауқымды фестивальге алғаш рет қатысып отыр. Ақтаудай көрікті қалаға келгенімізге өте қуаныштымыз. Фестиваль шымылдығын біздің спектакльмен ашу мүмкіндігі туып отыр. Біз репертуарымыздағы ең танымал «Ібіліс» қойылымын алып келдік. Бұл спектакль театр тарихында алғаш рет биыл «Тантана» байқауында Гранприді жеңіп алды, – деді РФ еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас суретшісі Валерий Яшкулов.
* * *
Каспий жағасынан бой тіктеген 5 елдің өнер ұжымдары алдымен Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының алдына жиналып, таяуда ғана орнатылған тау тұлғалы өнер тарланы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, руxына тағзым етті. Одан соң, таңдаулы театр ұжымдарының басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Онда төртінші билік өкілдерінің шара турасындағы сауалдары өз жауаптарын тапты.
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының директоры Нұрнияз Мұхановтың айтуынша, кезекті фестивальді ұйымдастыруға Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ түпкілікті атсалысқан. Сондай-ақ бұл фестиваль жүлдеге ұмтылар бәйге емес, тек достық көпірді биіктетер басқосу екендігін өз сөзінде тілге тиек етті.
- 2018 жыл ТҮРКСОЙ-да «Мағжан Жұмабаев жылы» деп белгіленген болатын. Соған орай ақынның шығармаларына арналған «Алыстағы бауырыма» атты жинақ жарық көрді. Бұдан бөлек биыл «Шыңғыс Айтматов жылы» деп жарияладық. Қазір Мағжанның жинағы әзірбайжан тіліне аударылып жатыр, бір айдан соң Баку және Анкара қалаларында тұсауы кесіледі, – деді ТҮРКСОЙ өкілі Эльчин Гафарлы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Денсаулық» медициналық пойызы МаңғыстаудаШараның шымылдығын татар елінен келген «Мензелин» мемлекеттік татар драма театры ұжымы «Ібіліс» қойылымын паш етіп, ашты. Спектакльді көрмекке жиылған көрерменнің қарасы қалың болды. Тұп-тура 1 сағат 40 минутқа созылған дүниені дүйім жұрт тапжылмай тамашалады. Риясыз соғылған шапалақ шығармашылық иелеріне шабыт бергені анық. Пьеса жалпы адамзаттық бақыт, өмірдің мәні туралы сипаттарға толы. Сонымен қатар қойылымда 1914–1918 жылдардағы импералистік соғыс салдары айқын көрініс табады. Әзірбайжан тіліндегі алғашқы өлеңмен жазылған драма саналатын «Ібілістің» философиялық мәнімен қатар романтикалық бояуы да қанық. «Ариф» атты басты кейіпкер өмірдегі өз бағытын бір жолға қоя алмай жүргенде, осы мүмкіндікті пайдаланған «Ібіліс» оны жолдан тайдыруға тырысып бағады. Осы желідегі туындыны өзгелерге тәнті еткендер мұнайлы өлкенің көрінісіне көз тоймайтындықтарын да жасырмады.
Үрдіске айналған фестивальге ел-елден театрлар легі ағылып келіп жатыр. Әрине, қарапайым xалық үшін өте пайдалы шара. Шетелдің қойылымдарын өңіріңізде тамашалауға үлкен мүмкіндік туып отыр. Нұрмұханның кинода да, театрда да еңбегі орасан зор. Кино мен театр – бір ананың балаларындай. Театр – өнердің асыл түрі, кино халыққа таратушы. Осы бағытта театр фестивалінің маңызы өте зор екендігін КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов өз сөзінде атап өтті.
Өнер мен көрерменді түйіс тіріп, сахна мен шығарманы тоғыстырған фестиваль 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Төрт күн бойы ақтаулықтар мен қала қонақтары үздік туындыларды тегін тамашалай алады. Айта кетелік, қойылымдар өз тілінде сахналанып, орыс тілінде синхрондалады. Ендеше, алтын уақытыңызды аямай, театрға асығыңыз. Сіз көптен күткен, көрермен көзайымындағы кейіпкер мен қойылымға куә болу бақыты бұйырып тұр.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ