13–16 қыркүйек күндері Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған Каспий жағалауы елдерінің II Халықаралық театр фестивалінде маңғыстаулық көрерменге 8 қойылым ұсынылды. Солардың ішінен көңілден ерен орын алған спектакльдерге талдау жасауды жөн көрдік.
«Кітаптан оқығанда көп нәрсе көзден таса қалып қояды, ал сол нәрсені сахнадан көрсең ол ұмытылмастан есіңде қалады. Сахна тәрбиесі деген – ерекше тәрбие. Ол ұғымды, жұғымды, ұтымды болады. Театр – бос ермек, орынсыз күлкінің орны емес. Ол – ақыл мен сезімге нәр беретін орын», – деген еді қазақтың маңдайына біткен қаламы қарымды жазушы, дарынды драматург Мұхтар Әуезов. Рас-ақ. Театрға қызық іздеп емес, рухани азық іздеп барасың. Айнаға сан қарасаң да, өзіңді, өзіңнің нағыз бет-бейнеңді, ішкі жан дүниеңді көре де, сезіне де алмағаннан кейін барасың. Ал театр, ондағы қойылым, әр актер мен жай ғана сахнадағы реквизит ішкі әлеміңді ақтарып береді. Қызыл шымылдығы кербездене ашылатын сахнадағы оқиғадан, кейіпкерден өзіңді табасың.
Жақында ғана шаһарымызда төрт күн бойы тойланып, дүркіреп өткен театр фестивалінде көрсетілген қойылымдар сайдың серке тасындай іріктеліп алынған. Ұзақтығы, мән-мағынасы, көрерменге жеткізгісі келген ойы, актерлік құрам жағынан ерекше електен өткен. Бірде-бір ұжым бұл фестивальге бейжай қарамаған. Оны сахнаны безендіруге арнайы өз елдерінен алып келген ауыр-ауыр реквизиттерден-ақ аңғаруға болады.
«Алыстап кеттің сен менен»
Маңғыстаулық жұрт та қатарынан неше түрлі қойылымды тамашалаудан жалықпады. Барлық спектакльді көруге келген көрермен қарасы көп. Зал лық толы. Өнердің тәкәппар түрін сүйетін жандар фестивальдің қазылар алқасын күн сайын зор қошеметпен қарсы алды.
Қазылар алқасы құтты орнына жайғасқан соң зал ішіндегі барлық шам сөніп, әп-сәтте көз байлар қараңғы болды. Әлі де тыныштала қоймаған көрермендер. Зал іші гүбір-гүбір әңгіме. Алайда уақыт өткен сайын бұл әңгіме де азайып, саябырсыды. Көрермен бұл күні ирандық «Билех Савар Барбод» театрының «Алыстап кеттің сен менен» деген атаумен трагедиялық қойылымын тамашалауға жиналған-ды.
Зал ішіндегі шамдар әлі жанбады. Бірақ виолончельден шыққан музыка ақырын бас- талып, күшейе түсті. Тек музыка ғана естіледі. Алдымен сахна шетінде отырған екі музыкант көрінді. Ал қойылымды 3 кейіпкер сомдайды.
Арбаға таңылған жазушы және өзі жазып отырған шығармадағы қос ғашық. Кейіпкерлер өзара әңгіме дүкен құрады, күледі, кейде түсініспейді. Жазушы өзі дүниеге әкелген қос кейіпкерді сырттай бақылайды. Қате кетіп, мүдірген сәтін жыртып тастап, оқиғаны қайтадан басқаша өрбітеді. Режиссер осы тұста ерекше техниканы қолданған. Театртанушы болмасам да мен мұны «уақытпен ойнау» деп атар едім. Сәтсіз шыққаны жазбаның бәрін жыртып отырған жазушының артында әңгімедегі ғашықтар түрлі қимыл арқылы оқиғаның басына қайтып оралады, қойылымдағы басты кейіпкер ойланып, жаңадан жазып отырғанда әлгі екі ғашықтың бір орнында қатып тұруы сәтті ойластырылған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Пайдалы қазбаларды заңсыз өндірушілер 1,5 млрд зиян келтіргенАсылында қойылымда болсын, кинода болсын, автордың уақытқа үстемдік етуі, оған қожалық етуі осы өмірде уақытқа құзыретіміз жүрмегеннен туындайды-ау. Тек автор емес, бүкіл адамзат осы бір ағын судай зуылдап жатқан уақытты кейде артқа қайтарып, кейде өз ағысынан да тез өткізіп жібергісі келетіні ешкімге жасырын емес қой. Жаратушы бермеген құдіретті аңсайтынымыз да, соған ие болғымыз келетіні де орынды шығар.
Сахнадағы жанды музыка қойылымның көркін келтіріп, тақырыпты аша түскендей болды. Музыканттардың өзі сахнада бір кейіпкерді сомдап тұрғандай әсер қалдырды. Ал сол сахнаның безендірілуі тым ерекше. Жазушы отырған бөлмедегі жиһаздың барлығы ескі кітаптардан құрастырылған. Сахнадағы сансыз кітап есіңді алады.
Жалпы қойылымның сюжеті махаббатқа, адалдыққа құрылған. Басты рөлдегі жазушы өзі жазған шығармасындағы қызға ғашық болып, басындағы ойлармен арпалысып, сан- сауалға жауап таба алмайды.
Айтпақшы, қойылымның авторы, режиссері мен басты рөлді сомдайтын актер – бір адам. Маңғыстаулық көрерменнің көзіне жас әкелген автор – Акбар Сагади.
Қойылым кезінде Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаевтың гүр-гүр еткен дауыстары естіліп қалды. Спектакльді екі марғасқа сол сәтте-ақ ой елегінен өткізіп отыр екен.
«Жаңашылдыққа ұмтылған ізденімпаз театр екені бірден сезіледі. Себебі қойылымдағы 3 кейіпкер де бір-бірімен біте қайнасып, керемет ойнап шықты. Спектакльде ой бөлініп кетпейді. Үш әртіс – үлкен әрі мықты ансамбль. Тіпті спектакльдегі стопкадрлар оқиға желісінен ауытқымайды.
Спектакльдің авторы да, орындаушысы да, қоюшы режиссері де бір адамның болуы көп нәрсені аңғартады. Сахна шетінде отырған виолончель мен скрипкадағы музыканттардың бөлек екені сезілмейді. Олардың өзі образға кірген. Драматургияның барлық күшін музыка арқылы бере алды.
Басты кейіпкердің өзі жасаған кейіпкерге ғашық болғаны түсінікті. Ол актриса сол махаббатқа, қамқорлыққа лайық. Үлкен рақмет», – деп Есмұхан Обаев өз пікірі мен ризашылығын жеткізді.
Ал Грузия заманауи театрларды зерттеу орталығының бас директоры, театр сыншысы Лаша Чхартишвили бұл қойылымды кәсіби деңгейде талдап берді.
«Мен де бұл спектакль заманауи деген пікірге қосыламын. Актерлердің бәрі қойылым кезінде шынайы болды. Алайда драматургиясында кемшіліктер бар. Себебі қойылымда оқиға дамымайды. Белгілі бір жағдай бар, бірақ оқиға әрі қарай өрбімейді.
Мен алғашында бұл қойылымды заманауи аңыз ба деп ойладым. Оқиға соңына дейін дамып, өзінің шарықтау шегіне бармайды. Бірақ режиссердің тырысқанын байқаймыз.
Маған актерлердің ойнағаны ұнады. Шынайы болуға тырысты. Бірақ басты рөлдегі кейіпкер кейде сахнада не істерін білмей жүрді. Мәтіні жоқ кезде әрі-бері жүргендей болды, алайда мұның бәрі артық еді», – деді ол.
Келесі сөз кезегін Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов алды.
«Қазір Иран фильмдері де, театрдағы қойылымдары да өз биігінде. Соңғы 30 жылда Иран қиын-қыстау күн кешіп отырса да, экономикалық-саяси жағдай қыспаққа алса да, оның әдебиеті бәрін кері итеріп, жоғары көтеріліп келеді.
Қазір сіздер Франция, Англия, Америкадағы спектакльдерден кем емес дүниені сахнаға алып келіп отырсыздар. Мен сіздердің кемшіліктеріңіз бен олқылықтарды көпшілік көзінше талқылағым келмейді. Себебі көпшілік алдында ескерту жасау – артынан сыбырлап, өсек айтқанмен бір».
Талғат Теменов өз сөзін «Жеке меншік пошта, жекеменшік емхана болуы мүмкін. Бірақ жекеменшік театр болмайды. Өнер – ортақ. Алға!» – деген қанатты сөзбен аяқтады.
Ұзақтығы 50 минуттық қойылым көрермен көңілінен де шықты. Қойылым иран тілінде көрсетіліп, орыс тіліне ілеспе аударма жасалды. Көрермен арасында құлаққапсыз отырған жандар аз болмады. Осыдан өнердің тілі ортақ екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
«Ескексіз қайықпен махаббат мұхитында»
Кейде кез келген түркі тілдес елде, қала берді әрбір ұлтта осындай әңгіме, қойылым міндетті түрде болу керектей сезіледі. Кемине атындағы Мары мемлекеттік драма театры маңғыстаулықтарға ұсынған «Ескексіз қайықпен махаббат мұхитында» атты қойылымын баяндап берейін. Оны қазақтың қай шығармасына ұқсатарыңызды өзіңіз шешіңіз, қадірлі оқырман. Атынан ат үркетін патша мен оның уәзірі жорыққа шығады. Әбден шаршаған жолаушылар қасиетті, ата-бабасының рухы қалған киелі орында түнемек болады. Ұйқыға кеткен патша мен уәзір түс көреді. Екеуінің де артында қалған жары сәби сүйіп, баланы дүниеге әкеліп жатыр екен. Сол сәтте рухтар «біріңде ұл, біріңде қыз туылса, құда болыңдар» деп аян беріпті. Ұйқысынан ояна сала уәзір бұл түсін патшаға айтады. Патшаға бұл хабар аса ұнай қоймайды.
Режиссер ары қарай оқиғаны музыкамен, бимен жеткізеді. Уәзір мен патшаның шаңырағында сәби дүниеге келеді. Кішкентай кезінен екеуі бірге өсіп, бір-біріне ғашық болады. Ес біліп, екеуі қосылмақ болғанда патша қызын бергісі келмей, сертінен таяды. Зухра қанша жалынып, жалбарынса да әкесі оны өзі сүйген Тахирға қоспайды.
Ештеңеден қорықпай, шындықты бетке айтатын мінезі хан көңіліне жақпай қызының сүйгенін сандыққа салып, Жейхун өзеніне ағызып жібереді.
Біраз уақыт өтеді. Сүйіктісінің не өлі, не тірі екенінен бір хабар ала алмаған Зухра қайғыға батады. Қойылымда Зухраның рөліндегі актриса жоқтауды ерекше орындайды. Түрікмендердің өзіне тән дауыс ырғағы, пішіні домбыраға ұқсас болғанымен, дыбысы домбыраға қарағанда сәл сыңғырлап шығатын музыка, ұлттық киімдері қойылымның боя- уын анықтай түскендей.
Зухраның зарын бір кезбе естиді де, егер де Тахирды көрген жағдайда Зухраның күтіп отырғанын жеткізуге серт береді.
Айлар өтеді, жылдар өтеді. Үлкен керуенмен кезбе думан болып жатқан елге тап болады. Сол жерде ол Тахирды кездестіріп, аманатын жеткізеді. Тіпті оны Зухраның жанына жеткізеді.
Бірін-бірі қайта тапқан қос ғашықта қандай арман болуы мүмкін дейсіз ғой? Олар үшін үлкен кедергі – әкесі еді. Егер Тахирдың тірі екенін патша білсе, оны жайына қоймасы белгілі. Жанын шүберекке түйіп отырған Тахирды патша көріп қойып, оны өлтіруге бұйрық береді.
Ұйықтап жатқан патшаның түсіне рухтар кіріп, сөзінен тайғаны үшін, сертіне берік болмағаны үшін жауапқа алып жатқан жерінде оянып кетеді. Сөйтсе осыған дейін болған оқиғаның бәрі патшаның түсі екен.
Аңызға құрылса да қойылым сертке адал болуға, адамды бөліп-жармауға үндейді. Осы ойды көрермен көкірегіне жеткізуге тырысқан театр ұжымы Түрікменстандағы ең алғаш құрылған театр екен. Іргетасы 1938 жылы құрылған театр репертуарында жанры әртүрлі қойылымдар көп.
Оқиға желісі бірдей болмаса да осыған ұқсас «Баян Сұлу-Қозы Көрпеш» есіңізге түсті ме?
Бұл спектакльді көрген жанның есінде сахнаның безендірілуі сөзсіз ұзақ уақыт есте қалады. Алайда спектакльді музыка, актерлердің тым айқайлап сөйлеуі арқылы драматизациялап жібергендей әсер қалдырады.
Айта кетейік, бұл фестиваль болғандықтан ұйымдастырушылар жүлделі орындар үлестірмеді. Қатысқан өнер ұжымдарын үздік өнер көрсеткендері үшін арнайы дипломдармен марапаттады. Сонымен қатар «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәдениеті ұйымының естелік сыйлықтары табыс етілді.
Қорыта келгенде, төрт күн бойы театр сахнасында көрсетілген қойылымдардың қай- қайсысы да тұтас ғұмырыңда тамсана айтып жүруге лайық.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ