Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астана қаласында өткен "ҚТЖ" ҰК" АҚ жастарының VIII республикалық форумына кеткен маңғыстаулық теміржолшылар форумның "Аймақтар визиткасы" командалық жарысында 17 топтан топ жарып, 1 орынмен оралды. Әріптестері оларды темір жол вокзалынан зор қошеметпен қарсы алды.
Жастарымыз қоржынына онан басқа да бірнеше жүлдені салып қайтты. Маңғыстау вагон пайдалану депосының вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде вагон қараушы Қуатбек Көпбаев "Жас кәсіби маман-2017" сайысының "Вагон шаруашылығының жас маманы-2017 " аталымы бойынша 1 орынмен марапатталса, "Жас машинист-2017" номинациясының 2 орынды дипломы локомотив депосының машинисі Нұрсұлтан Алқабекке бұйырды. Маңғыстау станциясында жүк қабылдап тапсырушы, жазғы "ҚТЖ стар" жобасының 1 орын жеңімпазы Ержан Ниязқұлов форумға құрметті қонақ ретінде шақырылған еді. Бұл жолы да ол аталған бағытта 1 орынды еншіледі. "Жастардың көзқарасы" конкурсынан 1 орынды Құрық порты станциясында транзиттік жүктер бойынша агент Ғалымжан Жексенов, 2 орынды локомотив депосының машинист көмекшісі Қайрат Абдашов қанжығаға байлады. Бейнеуден "Автодорстрой" ЖШС-нің есепшісі Манаргүл Берсеева "Есте сақтаңыз, мақтан тұтамыз, мұрагеріміз!" бағыты бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшы атасы туралы жобасын қорғап, 3 орынның дипломына ие болды. Қатысушыларды түбек теміржолшы жастарының аймақтық өкілі Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының электрамеханигі Қуандық Боқаев бастап барған еді. Енді бұл тізгін жылдың жас вагон шаруашылығының маманы атанған Қуатбек Көпбаевқа тапсырылды.
- Форумға 10 адам бардық. Соның үшеуі: Фархад Жұманиязов, Динаш Илесова, Замира Бадрадинова "Болашақ басқарушылар" аталымы бойынша бақ сынасты. 50 шақты қарсыласының ішінен олар алғашқы үштікке ене алмады. Сонымен қатар әр командадан бір ойыншыдан құралған топтық жарыста Фархад Жұманиязов топ басшысы болып, командасын жеңіске жеткізді. Форумның командалық ойынында бізге Қазақ хандығы туралы көрініс қою тапсырмасы түсті. Онда хандықтың құрылыуы мен онда ел, жерді қорғаған батырлар туралы сахналадық. Кешегі Отан соғысында, желтоқсан оқиғасында жан пида қылған апа-ағаларымыз, бүгінгінің батырлары туралы көрсетіп, тәуелсіздікке жетуге дейінгі жылдарды қайта жаңғырттық,-дейді аймақтық теміржолшы жастар өкілі.
Шахида ЖҰМАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44720,44722,44725,44721,44723,44715"]