Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында және рухани жаңғыру бағдарламасына сәйкес, Маңғыстаудың киелі топырағында дүниеге келіп, сол туған жердің даңқын өнерімен өрнектеген өрелі өнер иесі, ұлттық мәдени мұраларымызды зерттеуші, насихаттаушы ұлағатты ұстаз - Орын Құлсариевтің 85 жылдық мерейтойына орай Қарақия аудандық мәдениет үйінде «Күй-құдірет» атты облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауы өтті.
Бұл байқау ауданымызды күмбірлі күйге бөлеген күн болды. Күй құдіретін танытқан байқауға Мұнайлы ауданынан «Ақжелең» халықтық-фольклорлық ансамблі, Маңғыстау ауданынан «Ұран от» фольклорлық ансамблі, Бейнеу ауданынан «Бейнеу» фольклорлық ансамблі, Қарақия ауданы Жетібай ауылынан «Жетібай сазы» халықтық фольклорлық ансамблі, Ақтау қаласынан «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі және Түпқараған ауданынан «Саз» фольклорлық ансамблдері келіп қатысты. Киелі өнерде бақ сынасқалы келген өнер ұжымдарының өнеріне төрелік етуші әділ қазылар алқасының құрамына Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Абыл Тарақұл атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, қазылар алқасының төрағасы Р.Мадреев, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының оқу ісінің озаты, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебінің директоры Р. Батыршиева, сазгер, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Т.Нұрмағанбет, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, республикалық Боздақ Рзаханов атындағы дирижерлар конкурсының бас жүлде иегері, Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы Б. Көбенғалиевтер қатысты. Ерекше әсем безендірілген сахна, өнер сүйер көрерменге толы зал. Байқауды жүргізушілер О.Құлсариевтің өнер жолындағы қол жеткізген жетістіктеріне тоқталса, үлкен экранда күйшінің Өскенбай Қалманбетұлы атындағы Жетібай балалар өнер мектебінде ашылған жеке кабинетінің ашылу салтанатынан жасаған бейнежазба көрсетілді.
Фольклорлық ансамбльдердің күмбірлі күйлері мен жанды дауыста шырқаған қазақы бояуы қанық әуендері көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Қоңыр үнді домбыраның құдіретіне тыңдаушысын еліктіріп, кеудесінен төгілген күйді саусағының шеберлігімен жеткізе білген фольклорлық ансамбльдер байқауында Құрманғазының «Адай», Наушаның «Бұлбұл», Есірдің «Ақ ілме», Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлері және халық әні «Шіркін-ай», «Маңғыстауым – мақтаным» атты әндер орындалды. Осылайша Орын Құлсариевтің 85 – жылдық мерейтойына орай өткізілген «Күй-құдірет» атты облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауы өз мәресіне жетіп, байқауда бақ сынаған өнер ұжымдарын қазылар алқасы марапаттады. Бас жүлдені «Жетібай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі жеңіп алса, бірінші орынды «Ұран от» фольклорлық ансамблі, екінші орынды «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі иеленсе, үшінші орынды «Саз», «Бейнеу», «Ақжелең» халықтық-фольклорлық ансамбльдері жеңіп алып, ұлттық күй өнерін тағы бір мәрте жандандырды. Тартысты өткен өнер жарысы түстен кейін Орын Құлсариевтің 85 жылдық мерей тойына арналған салтанатты кешке жалғасты. Алдымен сахна төріне кеш иесі, Маңғыстаудың күй өнерін төрткүл дүниеге танытқан абыз күйші Орын аға мен жұбайы сахна төріне жайғасты. Қарақия ауданы әкімі Ә.Дауылбаев кеш иесін, жиналған қауымды мерейтоймен және күй мерекесімен құттықтап, Орекеңнің иығына шапан жауып, бағалы сыйлықтар табыстады. Одан кейін облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы П. Сармурзина облыс әкімінің орынбасары М.Ысқақовтың атынан Алғыс хат табыстап, теледидар сыйлады. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының жұрттшылықпен байланыс департаментінің директоры М.Гумарова мерей той иесінің құрметіне жүрек жарды ақ тілектер арнады. Ауданның өнерпаз жастары кешті ән-бимен әрледі. Кеш соңында О. Құлсариев шараны ұйымдастырушы – аудан басшылығына, келген қонақтарға, барша өнер сүйер қауымға алғысын білдірді. Әрине, тыңдарман қауым қолдап қошеметтеп жатса, елі бағалап жатса, өнер адамы үшін одан асқан бақыт жоқ шығар? Қарақия ауданы өзінің қарт домбырашысын қадірлеп, қазақтың күй өнерін ардақтаған осынау күннің, мерейлі мерекенің соңы «Ақжол» мейрамханасында жайылған ақ дастарханға ұласты. Халық барда өнер өлмейді. Қариясы бар елдің қазынасы ортаймайды!
Фариза РОЗАНҚЫЗЫ
Тағы оқыңыздар: Жарылғыш зат тауып алған бала не істеуі керек?