Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Ә.Жұмағалиевтің 70 жас мерейтойына арналған «Өнермен өрнектелген өмір» атты шығармашылық кеші өтті.
- Әншілік өнер – Құдайдың берген сыйы, аманаты. Ол мөрмен, қол қоюмен берілмейді. Аманатқа қиянат жасамай, Құдайдың берген сыйын жарты ғасырдан астам уақыт халқының игілігіне жұмсап келе жатқан Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, әнші Әбіл Жұмағалиевтің «Өнермен өрнектелген өмір» шығармашылық кешіне қош келдіңіздер!
Әбіл Жұмағалиұлының ешкімді қайталамайтын үні жетпісінде де сол қалпы. Бұлбұл ұя салған көмейінен сол баяғы жиырма бесіндегі «бірі – шекер, бірі – бал» әндерді шырқаған ашық жарқын өзіндік диапазоны кең дауысы аспандайды.
Ағамыз ақсақалдық жасқа жетсе де, «халықтан өткен ұстаз жоқ, халықтан үлкен емеспін» деп алдарыңызға шығармашылық есебін беруге келіп тұр,-деп, «Отпан» халықтық фольклорлық ансамблінің музыкалық сәлемімен сахна төріне Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Әбіл Жұмағалиевты шақырды кешті жүргізуші әртістер Әлия мен Алтынбек.
Бұдан соң кезек ән мен кйге берілді. Сахнаға сай сәнмен ортаға шыққан кеш иесі Самат Шаухаров жетекшілік ететін «Отпан» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Кенжебек Күмісбековтің «Аяулы мекен», Халық әні «Дедімай-ау», Әсет Бейсеуов «Маралдымды» кезегімен шырқады.
Одан соң ән кезегі Адайдың жеті қайқысына тиіп, Тастемірдің «Маңғыстау», Ғарифолла Құрманғалиевтың «Он алты қызды» орындап, көрермен көңілін көтерді.
Жасарал Енсеповтің «Шашу» күйін «Отпан» фольклорлық ансамблі, Халықтық ұжым «Таңшолпан» би ансамблі Гүлфайруз Қалиеваның жетекшілігімен «Мереке биін» орындап берді.
1975 жылы Эстрадалық студияны тәмамдап, жолдамамен 2 жыл Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» халықтық ансамблінің құрамында өнер көрсеткен кеш иесіне арналған құттықтау тілектер оқылды.
- Маңғыстау жыршы-жырауларының қобызбен ән, жыр айтқаны туралы деректер соңғы уақытта көптеп табыла бастады. Демек, баян бізге бөтен емес, Әбекең сол шалдардың өнерін лайықты жалғастырушы. Енді бір сәт, сырнайдың сыңсыған үніне құлақ түрейік!-деген жүргізуші сөзінен соң кеш иесі Әсет Бейсеуовтің «Жайықтан қайтқан тырналар», «Адамдар, аққуларды атпаңдаршы» әндерін баян аспабымен орындады.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, Әбіл Жұмағалиев соңынан шәкірт ерткен, оқығанын жастардың көкейіне тоқыған тәлімгер ұстаз. Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әнін сондай шәкіртінің бірі Самат Шаухаровпен қосыла салды.
Өнерлі алтын діңгектің бір бұтағы – ағайынды Ретбаевтар отбасы. Сахнаға Әбіл Жұмағалиевтың шәкірттері – Жазира, Фариза Ретбаевалар шақырылып, олардың орындауында «Тойбазар» әні шырқалды.
Одан соң кеш иесі Әсет Бейсеуовтің «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар», Рахат Еңсегеновтің «Туған елдің ырысы», Мыңжасар Маңғытаевтың «Іздедім сені», Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ ерке Жайық», «Ақтау шаттығы» әндерін «Таңшолпан» би ансамблінің қолпаштауымен тамылжыта орындап, көрермен ырзашылығына бөленді.
Облыстық мәдениет басқармасының атынын, Маңғыстау ауданы әкімінің атынын ықлас гүлі сахнаға қойылды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Әбіл Жұмағалиевты құттықтау үшін сахна төріне облыстық мәдениет басқарма басшысының міндетін атқарушы Пәния Оңалбайқызы, Маңғыстау ауданы әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы шақырылып, олар өнерпазға өздерінің алғыс тілектерін білдіріп, рухымызды оятып, санаға сәуле түсірер сәуелі кеш сәтті аяқталды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН