Жаздың алғашқы күні мұнайшылар қаласында қарбалас орын алды. Халықаралық балаларды қорғау мерекесінде Жаңаөзенде екі ірі кәсіпкерлік нысан ашылып, балаларға арналған мерекелік шаралар өткізілді.
Сонымен, мереке «Мұнайшы» мәдениет сарайынан басталды. Қала көлемінде танылып жүрген өнерпаз бүлдіршіндердің «Бала – біздің болашағымыз» атты мерекелік концерті көрермен қауым назарына ұсынылды. Одан соң Теңге кентіндегі «Атамұра» мәдениет үйінде қала деңгейінде орын алған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысушы отбасылар марапатталды.
Бүгінгі күннің басты жаңалығы «ZIBA» сауда ойын-сауық орталығының салтанатты түрде ашылуы болды. Ойын-сауық қызмет түрлерін көрсететін кешеннің тұсаукесеріне қала тұрғындары көптеп жиналған. Ғимарат алдында концерттік бағдарлама қойылып, балалар тас жолға қызыл, жасыл, сары борлармен қиялдағы суреттерін түсірді. Жаңа сауда нысанның салтанатты ашылуына қала әкімі Елубай Әбілов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Басқарма басшысының орынбасары Аслан Талпақов, қалалық мәслихат депутаты Сақи Мыңбай, ардагерлер ұйымының төрағасы Қуандық Бекмағанбетов және қала тұрғындары қатысты. Ғимараттың тұсаукесер шарасында сөз алған қала әкімі сауда орталығының салынуына үлес қосқаны үшін «Халық Банк» акционерлік қоғамына ризашылығын білдіріп, мереке иелеріне: « Бүгінгі мереке құтты болсын! Біздің жарқын болашағымыз - балаларымыз аман болсын! Денсаулықтары мықты болсын!»,- деп ізгі тілегін білдірді.
Айта кетелік, жаңа сауда ойын-сауық орталығы «2012-2014 жылдарға Жаңаөзен қаласындағы кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жоспары» және «2012-2020» жылдардағы моноқалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» АҚ-мен қолдау тауып, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Жаңаөзен өңірлік филиалы қаржыландыруымен іргетасы қаланған. 100-ден астам адамды жұмыс орнымен қамтыған кешенде «Aimok» заманауи балалар ойын алаңшасы, сұлулық салондары, дәріхана, «Аlser» тұрмыстық техника дүкені, дәмханалар мен соңғы технологиямен жабдықталған 3D, 5D форматындағы 128 орындық кинотеатр және қаламыздағы ең ірі «Magnat»супармаркеті орналасқан. «ZIBA» сауда ойын-сауық орталығының басшысы, жеке кәсіпкер Гүлсім Оразованың айтуынша алдағы уақытта кешенде балаларды оқыту орталығын ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ, мереке күні Рахат ауылының жұртшылығы игілігіне маңызды нысан пайдалануға берілді. Көлік жуу, монша, наубайхана, азық-түлік дүкені бар орталық ауыл халқының ендігі жерде қажетті қызмет түрлерін алысқа жүгірмей-ақ, жақыннан табуына мүмкіндік туғызады. Наубайханада күніне 2000-ға жуық нан пісіріліп, тұрғындардың құнарлы, әрі ыстық нан өнімдерін пайдалануына ықпал етеді. Жеті адамды жұмыспен қамтып отырған орталықтың жұмысымен Астана қаласы мен Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық қаржылау қоры басқармасының өкілдері және қала әкімі Елубай Әбілов танысты. Жаңа нысандар ашылған бұл күні әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Маңғыстау облысы білім басқармасының «Оңалту орталығы» ММ-де балалар мерекесіне орай мерекелік думан өтті. Шараға қала әкімі қатысып, орталыққа теледидар сыйға тартты, орталық тәрбиеленушілеріне тәттілер таратты. Жастар орталығының бастамасымен «Балалық шаққа саяхат» атты сурет салу сайысы болып жатқан тұста мектепке дейінгі балалар арасында велосипед жарысы өтті. Жарыс соңына велошабандоз бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар таратылып, балалардың көңілі одан әрмен көтеріліп қалды. Мерекелерден Оқушылар шығармашылық үйі де шетін қалмады. Аталған мәдениет ошағында «Самға жұлдыздар» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, «Асфальттағы армандар» атауымен сурет салу сайысы өтті. Аталмыш мәдениет ошағы бұл шаралармен шектеліп қалмай, мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат сынды спорттық ойын түрлерінен де сайыстар өткізді. Бұл сайысқа қатысушы балалар «осы тектес додалар көбірек өткізілсе екен»,- деген тілектерін жеткізді. Шара жалғасын балаларды ертегі әлемімен таныстырып, ондағы кейіпкерлер арқылы балаларға адамгершілік, патриоттық, имандылық, эстетикалық тәрбие беру негізінде ұйымдастырылған «Ертегі әлемінде» атты қойылымда тапты. Балалар әртістердің көрсетіліміне сүйсіне қарап, оларға қол соғу арқылы ризашылықтарын білдіріп отырды.
Мерекелік шаралардың басым көпшілігі «Мұнайшы» мәдениет сарайында өтті деуге әбден болады. Оған дәлел - мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен өткен «Дара бала» жобасы мен балдай тәтті бүлдіршіндер мен ата-аналарға арналған тәттілер жәрмеңкесі. Осынау атаулы мерекені мәдениет сарайында тойлауға келген ата-аналар балаларын алдымен мерекелік концертке апарып, кейіннен жәрмеңкеден тәттілер әперіп қуантты.
Таңда ерте басталған мерекелік шаралар кешке дейінгі уақытты қамтыды. Балалардың мерекесімен ерекшеленген бұл күнде қала көшелері гүлге, бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісі мен шаттыққа толы болды.